Парламент ҚР Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарды қабылдады
ҚР конституциялық заңы, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің - Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы» заңы екі оқылымда қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Парламент қабылдаған бірінші заң ҚР Тұңғыш Президентінің қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіруге бағытталады. Құжат бойынша Мемлекет басшысының саяси-құқықтық мәртебесін айқындау, ҚР Тұңғыш Президентінің конституциялық мәртебесін оның жұртшылыққа танылған Елбасы мәртебесіне сәйкес келтіру мақсатында бірқатар конституциялық заңдарға өзегерістер мен толықтырулар енгізіледі. Айталық заң жобасында мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары бойынша әзірленетін бастамаларды ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасымен келісу қажеттігі көзделеді. Сондай-ақ, оның ҚР Президенті - Елбасы өкілеттіктерін орындау кезінде жасаған, ал олар тоқтатылғаннан кейін - ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы деген өз мәртебесін жүзеге асыруға байланысты іс-әрекеттері үшін жауаптылыққа тартылмайтындығын айқындау ұсынылады. Мұнымен қатар оны ұстауға, қамауға алуға, тінтуге, жауап алуға немесе оның жеке басын тексеруге болмайды. Сонымен бірге заң жобасымен ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы мен бюсті орналасатын жерлер оның туған жері мен ҚР астанасы болып табылатыны айқындалған.
Екінші заң жобасы бойынша ҚР Тұңғыш Президентін - Елбасын көпшілік алдында қорлағаны және абыройы мен қадір-қасиетіне өзгедей қол сұққаны, суретін бүлдіргені, заңды қызметін атқаруына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауаптылық белгіленеді.
Сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентінің конституциялық мәртебесін оның жалпыға ортақ танылған Елбасының мәртебесіне сәйкес келтіруді көздейтін түзетулер енгізілген.
Парламент қабылдаған бұл заңдар Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.