Парламент Мәжілісінде «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: Тәуелсіздікке 20 жыл» атты халықаралық конференция өтуде

Аталмыш шараға Қазақстаның, Қырғызстанның және Ресейдің депутаттары, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың басшылары, ғалымдар мен сарапшылар қатысуда. Конференция «Тәуелсіздік мен ұлттық ой-сананың жетілуі», «Тәуелсіздік - жаңа Қазақстанның басты байлығы» «Қазақстан барысы мен Беларусь зубры: 20 жыл бірге», «Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуразиялық жобасы: Ресейлік көзқарас», «Қазақстан қазіргі геосаяси шындық алаңында» сияқты тағы бірқатар тақырыптарды қамтиды.
Бүгін жиының ашылу рәсімінде конференцияны ұйымдастырушылардың бірі - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков ынтымақтың арқасында бақ қонған мемлекетіміздің аз уақыт ішінде дүниені дүр сілкіндіріп, Қазақстан атты қонақжай және экономикасы қарыштап дамып келе жатқан, болашағы жарқын мемлекеттің бар екенін әлемге паш еткенін атап көрсетті. «Тәуелсіз Қазақстан 20 жыл ішінде өзінің бейбітшілікті қалайтын, ұлтаралық келісімді қолдайтын іргелі ел екенін дәлелдеді. Жас мемлекетіміздің алар биігі әлі де алда. Мұны әлем жұртшылығы да мойындап отыр. 20 жылда барлық салаларда қомақты жетістіктерге қол жеткізген Қазақстан үшін бүгінгі биігіміз үлкен шыңның бастауы ғана»,-деді депутат.
Алқалы кеңес барысында сонымен бірге Ресей мен Беларусь Республикасының ғалымдары да сөз сөйлеп, Қазақстанның бүгінгі жетістігінің шын мәнінде үлкен нәтиже екенін айтты. Сонымен қатар олар еліміздің халықаралық аренада да зор беделге ие екенін растады.