Парламент Мәжілісінің депутаты М.Әбенов Қызылордада қоғамдық комиссия отырысын өткізді

Отырыста «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынша облыс аумағында атқарылып жатқан жұмыстардың жайы қаралды. Оны жүргізген депутат соңғы уақыттары жүргізілген тексеру нәтижесінде бірнеше компанияның жол салу жұмыстарында кемшіліктерге жол беріп қойғанын алға тартты. Бұл тәртіп бұзушылықтардың дені жұмысшылардың санитарлық жағдайы, еңбек шартының бұзылуы, сондай-ақ арнайы тамақтанатын, демалатын орындардың дұрыс жасақталмауы, ең бастысы, жұмысшылардың айлық жалақыларының уақытылы берілмеу мәселелеріне байланысты болып отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік тілге қатысты жағдай, яғни, компаниялардың жұмысшылары құжаттарын орыс тілінде рәсімдеуі, жол бойындағы белгілердің қазақ тілінде жазылмауы, оған қоса, кейбір компанияларда өзге ұлт өкілдерінің құжатсыз жұмыс атқаруы сөз болды.
Жиын кезінде М.Әбенов алдағы уақытта «Нұр Отан» ХДП орталық аппаратының мемлекеттік комиссия мүшелері өңіріміздегі жол жұмыстарын тексеріп, заң бұзушылық тудырған компанияларға құзырлы орындар арқылы, тиісті шара қолданылатынын айтты..