Парламент Сенаты комитетінің төрағасы мен РФ Елшісінің кездесуінде парламентаралық өзара іс-қимылды нығайту жөнінде пікір алмасылды

Кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты қатынастарды, оның ішінде парламентаралық өзара іс-қимыл деңгейіндегі қатынастарды одан әрі нығайту мәселелері бойынша пікір алмасылды.
И.Адырбеков дипломатты биылғы 4 наурыздағы президент сайлауының нәтижелерімен құттықтады және ол «өткен сайлау халықаралық стандарттарға толығымен сай болды» деп атап өтті.
Сенатордың айтуынша, «Ресей Федерациясының Президенті болып В.Путиннің сайлануы бүкіл ресей халқының жеңісі болып табылады».
- «Біздің мемлекеттерімізді дағдылы достық және тату көршілестік қатынастар байланыстырады. Ол стратегиялық ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша дамудың жоғары қарқынымен сипатталады»,-деді сенатор.
Кездесу барысында Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесінің төрайымы В.Матвиенконың ТМД ПАА Кеңесінің 27 наурыздағы Алматыда өтетін мерейтойлық отырысына қатысу аясындағы Қазақстанға алдағы сапарының мәселелері де талқыланды.