Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына сапары аяқталды

деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Кеше Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Ресей Федерациясы Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясының профессорлық-оқытушылар құрамы және тыңдаушыларымен кездесті.
Қ.Тоқаев оқытушылар ұжымы мен дипломаттар алдындағы сөзінде Азияның және, атап айтқанда Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлі туралы өз ойларын ортаға салды.
«Бүгінде дүние жүзінде әлемдік ықпал ету орталығын күрделі және қайшылықты ығыстыру үдерісі өтіп жатыр. Сол тұрғыда азиялық құрлықтың саяси және экономикалық рөлі күшейе түскені айқындалып келеді»,-деп атап өтті төраға.
Осыған байланысты ол Қазақстанның сыртқы саясаты сан салалы, көптарапты және тепе-теңдік сипатқа ие екенін, және оның басты бағыты Ресей Федерациясымен көпқырлы ынтымақтастық пен одақтастықты дамыту және нығайту болып табылатынын атап өтті.
Ұлттық мүдделерді қорғау мен ілгерілетумен қатар Қазақстанның сыртқы саясаты жаһандық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылық жолындағы жаңа қатерлермен күрес жөніндегі халықаралық күш-жігерге белсенді қатысуға бағытталғаны айтылды.
Қ.Тоқаев еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев авторы болып табылатын көптеген маңызды қазақстандық бастамаларға тыңдаушылар назарын аударды.
Әлемдік саясатқа елеулі әсер еткен бастамалардың қатарында ол Қазақстанның ядролық қарудан өз еркімен бас тартуы мен құрлықтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты көрінісі болып табылатын АСӨШК-тің құрылуын ерекше атап өтті.
Төрағаның пікірінше, әлемдік азық-түлік, энергетика және коммуникация нарықтарындағы жауапты әріптес ретінде біздің еліміздің халықаралық қоғамдастықтағы беделі артып келеді.
Төраға бұл белгілердің еліміздің халықаралық бағдардағы орнын нығайту үшін қазақстандық дипломатияға зор мүмкіндіктер мен ресурстар беруіне сенім білдірді.
«Ұлтаралық және конфессияаралық қатынастарды дамытуда тәжірибесі мол Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу бастамасын көтерді»,-деді төраға.
Қ.Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІІІ Съезінің нәтижелері мен ерекшелігіне тоқталып, Ресейдің діни қайраткерлерімен кездесу барысында кезекті, IV Съездің өткізілуін толық қолдайтындары туралы айтқанын хабарлады.
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты мәселелерге қатысты Қазақстан Сенатының басшысы дағдарыстың теріс зардаптарын жұмсарту үшін қазақстандық үкіметтің мезгілінде қабылдаған шаралары туралы да айтты. Жұмыссыздықты жою және азаматтарды қолдау ғана емес, бірқатар әлеуметтік бағдарламаларды орындауға мүмкіндік беретін «Жол картасы» бағдарламасына ерекше тоқталды.
Төраға сондай-ақ әлемнің дағдарыстан кейінгі дамуы жөніндегі ойлары мен жаңашыл ұсыныстары мазмұндалған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бесінші жол» мақаласының іргелі тұжырымдарына аудитория назарын аударды.
Төраға сөзінде Қазақстан-Ресей стратегиялық әріптестіктің жағдайы мен келешегіне маңызды орын берілді.
Қ.Тоқаев «Қазақстан мен Ресей халықтарының игілігі жолындағы екі елдің саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастығының қол жеткен жоғары деңгейі екіжақты қатынастардың келешегіне айқын қарауға мүмкіндік береді», деп сенім білдірді.
Қ.Тоқаевтың оқу орнындағы лекциясы зор ықыласпен қабыл алынды.
Сапар соңында Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының елшілігінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз мәслихаты болды, оған қазақстандық және ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының көптеген өкілдері қатысты.