Парламент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті одан әрі күшейтуге бағытталған заңды қабылдады

Сенат ұсыныстарын қолдаған Мәжіліс заңды қабылдады. Енді құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжат сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған. Сонымен бірге, осы құжат бойынша жарғылық капиталындағы мемлекеттің үлесі 35 пайыздан кем емес ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге берілетін ұйымдарда, сондай-ақ олардың еншілес ұйымдарындағы басқару функцияларын атқаратын адамдарды мемлекеттік функцияларды атқаруға уәкілетті адамдарға теңестіру ұсынылған.
Парламент қабылдаған заң - еліміздегі жемқорлыққа қарсы жүргізіліп отырған саясаттың құқықтық шараларының бірі болып табылады.
Тоқтала кететін жайт, «Қазақстан-2030» даму стратегиясында жемқорлыққа қарсы күрес еліміздегі баса назар аударатын мәселелердің бірі ретінде белгіленген болатын. Бұл бағытта 2001-2005 және 2006-2010 жылдарды қамтитын мемлекеттік бағдарламалар негізінде жемқорлыққа қарсы күрес біршама күшейтілді. Бұдан басқа, былтырғы жылы Қазақстан әлемдік қауымдастықтың айрықша маңызды құжаттарының бірі Біріккен Ұлттар Ұйымының сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясын ратификациялады. 1998 жылы ТМД елдері арасында Қазақстан тұңғыш рет жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды қабылдады. Осы заңға бүгінгі күнге дейін 10 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, құжат құқықтық құрылымы мен мазмұны жағынан біршама жетілдірілді. Осының өзі жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттің басты назарында екендігінің белгісі болып табылады.
Заң Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін күшіне енеді.