Парламенттік Ассамблеяның делегациясы Қазақстанда 30-жылдары орын алған аштық туралы материалдар жинап, арнайы баяндама әзірлейді - М. Чауошоғлы

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жүздесу барысында Төраға орынбасары Қазақстанның сөз бостандығы, заңның үстемдігі және демократия секілді еуропалық құндылықтарды қолдайтынын атап өтті. «Елімізде жыл сайын адам құқықтарының қорғалуы туралы, демократиялық институттарды дамыту туралы баяндамалар әзірленіп отырады. Сонымен бірге, Парламенттік Ассамблея сессиясына белсенді түрде атсалысатын Қазақстан өз дамуында Мемлекет басшысының «алдымен экономика, содан соң саясат», қағидатын ұстанды. Өмірдің өзі осы ұстанымның дұрыстығын дәлелдеп отыр», деді Ж. Кәрібжанов.
Өз кезегінде М. Чауошоғлы Парламенттік Ассамблея дағдарыс кезеңінде Қазақстанның қабылдаған экономикалық даму жоспарларын қолдайтындығын атап өтті. «Мен ел басшылығы тарапынан қабылданып жатқан шараларды тиімді жүзеге асырса Қазақстанның әлемдік қауымдастықпен ықпалдасқан қуатты мемлекетке айналатынына сенімдімін», деді М. Чауошоғлы.
Сонымен бірге, өзінің Қазақстанға сапарына тоқтала отырып мәртебелі мейман, ПА делегациясының елімізге 30-шы жылдардағы ашаршылық туралы мәліметтер жинауға келгендігін айтты. «Осы аштық туралы баяндамада тарихшы ғалымдар ұсынған мәліметтер пайдаланылмақ. Осыған ұқсас баяндамалар бұған дейін Украина мен Беларус елдерінде әзірленген. Қазақстандағы аштық туралы баяндамаға тарихтың осынау кезеңінде аштықтан зардап шеккен осы өңірдегі басқа мемлекеттерден алынған материалдар да қосылады», деді ПА өкілі.