Павлодар көркейіп, қанатын жая түседі - қала әкімінің есебі

2012 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы айта келіп, облыс орталығының әкімі өнеркәсіп кәсіпорындарында өндірістің өсуі 628 млрд. теңгеге жетіп, бұрнағы жылмен салыстырғанда 153 млрд. теңгеге артқанын атап өтті. Қаланың экономикасын дамытуға және әлеуметтік салаға инвестициялар 74 млрд.теңгені құрады.
Павлодарда үдемелі индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту, «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламалары, қаланы абаттандыру бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда.
«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша құрылысқа 4,9 млрд.теңге қаржы бөлінді, 78 мың шаршыметр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2011 жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Биылғы жылы тұрғын үй құрылысының ауқымы арта түседі, 18 көпқабатты тұрғын үйлерді салу жоспарлануда, деп атап өтті қала басшысы. Мыңнан астам кезекте тұрған павлодарлық отбасылар жаңа пәтерлерге қоныстанбақ.
Тұрғын үй-коммуналдқ шаруашылықты жаңарту бағдарламасы бойынша тұрғын үйлерді жөндеу жалғасады, оған 925 млн.теңге бөлініп отыр.
Залдан аулаларды абаттандыру, ПИК-тердің жұмысын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, көлік жұмысы, қар тазалау, лифтілерді жөндеу жөнінде сұрақтар түсті. Қала басшысына түскен әрбір өтініш бақылауға алынды.
Шағынаудандар мен кәсіпорындарда өткен есепті кездесулерде Павлодар тұрғындарынан әкімге барлығы 135-тен астам ұсыныстар мен шағымдар түсті.