Павлодар мен Батыс Қазақстан облыстары арасында өңіраралық байланыс нығая түспек (ФОТО)
Жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасы тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы тиімді байланыс өрістей түсуде. Бұған дейін Алматы, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарымен әріптестік жөнінде келісім жасалса, енді павлодарлықтармен де сондай меморандум бекітілді. Мемлекет басшысы өңірлердің инвестициялық тартымдылығын барынша арттыру, өңіраралық кооперацияны нығайту бағытында нақты міндеттер қойғаны белгілі. Батыс Қазақстанда әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі Қарашығанақ кеніші орналасса, сонымен қатар өңірде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамыған. Бұл ретте Павлодар облысымен ынтымақтастықтың маңызы зор. Бұл кәсіпорындардың да өзара байланыс орнатуына жол ашады. Мысалы, «Зениттехсервис» консорциумы павлодарлық «KSP Steel», «Казэнергокабель» зауыттарымен қарым-қатынасты бекіте түспекші. Сол секілді ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпорындар да әріптестікті нығайтуға ынталы.
Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың айтуынша, өңіраралық тығыз қарым-қатынас қазақстандық кәсіпорындардың үлес салмағын арттырып, отандық тауарларды сатып алуға мүмкіндік береді. Айталық, БҚО-да Қарашығанақ кенішін кеңейту көзделіп отырса, бұған павлодарлық кәсіпорындар қатыса алады. Осы орайда Қазақстандағы мұнайгаз саласына жіксіз, болат тұрбаларын шығаратын тұңғыш кәсіпорын саналатын «KSP Steel» компаниясының әлеуеті мол. Оның өнімдері Ресейге, еліміздің барлық өңірлеріне жөнелтілуде. Сондықтан компания аталған кенішті кеңейту жобасына қатысатын болады. «Казэнергокабель» компаниясының кабель өнімдері Ресей мен Қазақстан өңірлеріне танымал. Соңғы жылдары индустрияландыру бағдарламасы аясында Павлодар облысында машина жасау, металлургия, химия, агроөнеркәсіп салаларында 80-ге жуық жаңа өндіріс орны ашылды. Қазақстанның дамыған индустриялық өңірлерінің бірі болып табылатын Павлодарда пайдалы металл қазбасы мен көмірдің 39, жалпы кең таралған пайдалы қазбалардың 104 кен орны бар. Мұны толық игеру мақсатында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы құрылып, жұмыс істеуде. Қос облыс та Ресей өңірлерімен шектесетіндіктен, өндіріс аясын кеңейтіп, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытудың мүмкіндіктері мол.
Айта кетейік, қос өңір делегацияларының кездесуі «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясының («ҚПО б.в.») Орал қаласында жаңадан ашылған бас кеңсесінде өткізілді. Осы ретте «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли де өткен жылы павлодарлық кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысқанын айтып, өз ойын жеткізді. Күні бүгін аталмыш компанияның деректер базасында 3800-ден астам қазақстандық кәсіпорын тіркелген. 1997 жылы өнімді бөлісу жөніндегі түпкілікті келісімге қол қойылғаннан бері шетелдік альянсқа отандық кәсіпорындар жеткізген тауар, көрсеткен қызметтерінің жалпы құны 5,5 млрд. АҚШ долларынан асты. Бұл үлесті алдағы уақытта да еселей түсуге болады.
Павлодарлық делегация сапар барысында сондай-ақ «Орал трансформатор зауыты», «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», «Стекло-Сервис» ЖШС-ында болып, тыныс-тіршілігімен танысты.