08:57, 27 Қазан 2009 | GMT +5
Павлодар мұражайында Естайдың әндері шырқалды
ПАВЛОДАР. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер мұражайында атақты жерлес, қазақтың ақыны және композиторы Естай Беркімбаевты (1874-1946) еске алу кеші өтті. Ақынның осыдан жүз жыл бұрын жазылған «Қорлан», «Сандуғаш», «Еркем», «Гүлнәр» әндері орындалды.

«Қазақтың халықтық дәстүрін жалғастырған ақын, музыка өнерін дамытуға үлкен үлес қосты. Мұражайда композитор, этнограф және музыкатанушы Александр Затаевич жазған «Қазақ халқының 1 мың әні» жинағы бар. Солардың ішінде халық әлі күнге дейін жақсы көретін Естайдың да әндері бар»,- дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Мейрамгүл Әбутәліпова.
Павлодарда орталық көшелердің бірі Естайдың атымен аталады, ал жақында қалалық Мәдениет сарайына да оның аты берілді.