Павлодар облысы әкімдігіндегі кеңесте А. Жұмағалиев Елбасының автожол саласындағы құрылысқа жаңа технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру бағытындағы жұмыстар жайлы баян етті

Бұл туралы аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметінен хабарлады.
Аталған Жоспар аясында, жол құрылысына жұмсалатын шығындарды азайту мақсатында, Өңірлік даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетімен бірлесіп жол-құрылыс материалдарының бағасын қайта қарау бойынша жиналыс өткізді. Ал, Ғылыми-зерттеу институтына (ҚазЖолҒЗИ) жаңа технологиялар мен материалдарды енгізу үшін нормативтік базаны жетілдіру ісі тапсырылды.
Сондай-ақ, министр еліміздің үш өңірінде: Солтүстік пен Оңтүстікте және Батыста «Микросюрфейсинг» жаңа жол жабындысын қолдану бойынша тәжірибелік жұмыстардың жүргізілгенін де айтып өтті. Жаңа технология ескі, яғни жолдың үстіңгі қабатын кедірлі-бұдырлы өңдеу технологиясының орнына қолданылатын болады және жолдардың қолданыс мерзімін 2-3 жылға дейін арттырады. Алдағы жылдан бастап аталған технологияны үстіңгі қабатына бетон төселген автожолдарда тәжірибеден өткізу мақсатында қолдану көзделуде. Бұл технология жол жабындыларын ылғалдан қорғайды және үйкеліс коэффицентін арттырады.
«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автомагистралін жаңарту жобасы аясында Мәскеу -Казань автожолы учаскесінің құрылысында қолданылып жатқан технология бойынша монолитті бетон көпірлерінің құрылысы тәжірибе ретінде қолданылуда. Бұл технология құрылыс құнын 30% арзандатуға және құрылыс мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Аталған технология, сондай-ақ Алматы - Қорғас автожолы бойындағы көпірлердің құрылысына қолданылатын болады.
Көпір құрылысына көпірдің қолданыс мерзімін 2 есеге (20 жылға дейін) арттыруға мүмкіндік беретін полиуретандық тірек бөліктер мен полимерлі асфальтты бетонды қолдану да жоспарда бар.
Бүгінгі күні Көлік және коммуникация министрлігі жылы асфальтты бетон қоспаларын қолдану үшін арнайы нормативтік база әзірлеуде. Аталған технология энерго шығындарын 25% азайту арқылы құрылыс құнын 5% арзандатуға мүмкіндік береді.
Жергілікті желілердегі жолдардың құрылысына жұмсалатын қаражат көлемін азайту үшін ғылыми-зерттеу институты жол жабындысының жеңілдетілген түзілімін әзірледі. Яғни, жергілікті жерлерде өндірілетін аса төзімді емес тас материалдарды органикалық және органикалық емес қоспаларды, өндіріс қалдықтарын қосу арқылы пайдаңға жарату көзделуде. Аталған технология құрылыс жұмыстарын 30-50 % арзандатуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні «ҚазЖолҒЗИ» АҚ инновациялық технологиялар мен материалдар қолданылып жатқан 40 тәжірибелік учаскеге мониторинг жүргізіп жатқанын айтып өту керек. Зерттеу нәтижесінде жаңа материалдар мен технологияларды еліміздің автомобиль жолдарының құрылысына қолдану қаншалықты мүмкін екендігі анықталады