Павлодар облысында 18 млрд. теңге бюджеттік қаражатқа мектеп, балабақшалар, тұрғын үйлер мен емханалар салынды
Олардың ішінде 18 млрд. теңге - бюджеттік қаражат әлеуметтік және коммуналдық шаруашылық нысандарына жұмсалған, деп хабарлады статистика департаментінің баспасөз қызметі.
Бірінші желтоқсанға қарай Павлодарда 1200 орындық жалпы білім беретін мектеп, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы әрқайсысы 320 орынға арналған екі заманауи балабақша пайдалануға берілді.
Мичурино ауылында жүйке ауруларына шалдыққан адамдар үшін 140 орындық мамандандырылған үй жалғастырылып салынды, қала маңындағы Кенжекөл және Қашыр ауданының Песчаное ауылдарында дәрігерлік емханалар жұмысқа кірісті.
Мемлекеттік қаражатқа Екібастұзда жалпы ауданы 9, 7 мың шаршы метрді алатын 128 пәтерлік екі жалға берілетін коммуналдық үй салынды, Ақсу қаласының жылу магистралі және Павлодар қаласындағы кәріздік коллектор жөндеуден өтті.