13:45, 26 Қазан 2015 | GMT +5
Павлодар облысында екі ауылда мешіт ашылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Александровка ауылында жаңа мешіт ашылды. Ол «Абай» ЖШС және ауыл тұрғындарының демеушілік қаражатымен салынды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Мешіттің жалпы алаңы 261 шаршы метр. Құлшылық ететін залдан бөлек, 192 адамдық асхана жұмыс істейді. Александровкада 743 адам тұрады, 30 пайызы ислам дінін ұстанады.
Ауылдықтарға қамқорлық ретінде демеушілер мешіт салуға 80 млн теңге бөлген.
Бір апта бұрын Жолқұдық ауылында да жаңа мешіт ашылды. Ауылдықтарды маңызды оқиғамен Мәшһүр Жүсіп атындағы мешіттің имамы Нариман Исенов құттықтады. Ол мешіт халықтың басын қосып, рухани жан-дүниесін байытатын орынға айналатынын атап өтті. Имам мешітке кілем тарту етті. Ақсу мешітінің бас имамы Әбдімүтәліп Омаров он дана Құран сыйға тартты. Мешіттің ашылу құрметіне мерекелік концерт ұйымдастырылып, Павлодар, Ақсу, Екібастұз, Шарбақты, Ақсу өңірі спортшыларының қатысуымен жарыстар өтті.