Павлодар облысында ірі инвестициялық жоба мәреге жетуге жақын

Нысанда облыс әкімінің бірінші орынбасары Дүйсенбай Тұрғанов болып қайтты.
Құрылған агрокешенде 4200 Ангус тұқымды ірі қара мал басына арналған репродуктор, 1200 сауын сиырына арналған сүт-тауарлық ферма жұмыс істейтін болады. Оларға жем-шөп 9200 гектар алаңды қамтитын суармалы алаңда өсіріледі.
«Пахарь» ШҚ» ЖШС бас директоры Руслан Ауышев салынып жатқан нысандарға инженерлік коммуникациялар мен жаңа сорғы стансасы қосылғанын айтты.
Агроқалашық құрылысы аяқталып қалды. 48 пәтерлік төрт екі қабатты үй, спорт кешені, фельдшерлік амбулатория, кешен қызметкерлерінің балаларына арналған шағын орталық салынды.
Нысандарды 2016 жылға дейін тапсыру жоспарлануда. 12 мың тонна сыятын көкөніс қоймасын 40 күннен кейін пайдалануға енгізу қажет. Алайда «Пахарь» шаруашылығында әлі күнге дейін рұқсат құжаттары мен сараптамалары жоқ.
Дүйсенбай Тұрғанов шаруашылық басшыларына бұл мәселені өз бақылауына алуға уәде берді. Басқа да мәселелерді шешуге қолдау көрсетілмек, шаруашылықта сенімді байланыс, кадрмен қамтамасыз ету жағынан проблемалар бар.