Павлодар облысында өткен жылы жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 1,4 миллион теңгені құрады

Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 9 пайызға жоғары, деп хабарлады статистика департаментінің баспасөз қызметінен.
Алдын ала мәліметтер бойынша, 2010 жылы өндірілген жалпы аймақтық өнімнің көлемі 1 триллион 78 миллиард теңгені құраған, бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 4,7 пайызға артық. Ал жалпы республикалық көрсеткіштегі облыстың үлес салмағы 5 пайызды құрап отыр.
Жалпы өңірлік өнім өндірісінің 49,1 пайызын - өнеркәсіп қамтыса, 10,4 пайызын көлік және логистика саласы құрап отыр. Ал ең аз көрсеткіш - бір-бір пайыздан ақпарат және байланыс саласында тіркелген.
Павлодар облысы, республика өңірлерінің арасында жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім бойынша жетінші орында тұр.