08:37, 26 Сәуір 2013 | GMT +5
Павлодар облысында «Саябақтар маршы-2013» шарасы қолға алынды
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. 26 сәуір. ҚазАқпарат - Павлодар облысының Шақа ауылында «Табиғатты болашақ үшін сақтайық» ұранымен «Саябақтар маршы-2013» шарасы бастау алды.

Бұл туралы Лебяжі аудандық әкімдігінен хабарлады.
Оған «Ертіс орманы» орман резерватының қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты. Мектеп оқушылары табиғатты аялауға үндейтін парақшаларды әзірлеген. Ал мәдениет үйінде мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды.
«Саябақтар маршына» атсалысқан ауылдағы жастар мен жоғары сыныптың тәлім алушылары бірегей қарағайлы орманның аумағын тазалау және абаттандыру сенбіліктерін өткізіп, өртке қарсы шараларды да қолға алмақ.
Белсенділер халықтың экологиялық сауаттылығына баса мән беріп отыр. Экология мен орманды қорғауға бағытталған шерулер, қабырға газеттері мен шығармалар байқауы ұйымдастырылмақ.