Павлодар облысында сегіз оқушы төрт тілді еркін меңгерген
Бұл туралы агенттікке облыстық білім беру басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Ләйла Жүсіпова мәлім етті. - Бірнеше тілде өз ойын еркін жеткізе алатын жоғарыда аталған оқушылардың барлығы дарынды балаларға арналған мектептерде білім алуда. Олар - №3 гимназияның 10-11 сынып оқушылары Темірлан Пазылов және Анастасия Гончаренко, «Жас дарын» мектебінің 9-10 сынып оқушылары Жібек Байғұлова мен Омар Нұргүл, Ақсу қаласы гимназиясының 11-сынып оқушысы Мәдина Ысқақова, қазақ-түрік лицейінің 8, 11-сынып оқушылары Марина Фалеева, Рахат Жұмекин, Сағындықов Ғабит, - дейді Ләйла Жүсіпова. Бөлім басшысының айтуынша, қазіргі уақытта көптілді білім беру бағдарламасы бойынша облыста 48 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде биылғы оқу жылында аталған жобаға 29 мектеп енгізілген. Дарынды балаларға арналған білім ордалары мен Павлодар қаласы № 42 мектебінің ұстаздары аймақ мектептеріне физика, биология, математика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту бойынша әдістемелік көмек көрсетуде. - «Көптілділік» бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндігі бар, бірнеше тілді меңгерге педагог мамандар жеткілікті. Сондықтан да бұл мақсатта шетел мамандары тартылмайды. Облыстық мамандандырылған мектептерде мемлекеттік, орыс, ағылшын тілдерінен бөлек, басқа тілдерді де меңгеруге зор көңіл бөлінуде. Мәселен, қазақ-түрік лицейлерінде - түрік, Ақсу қаласының гимназиясында - қытай, №3 гимназияда - француз және неміс, «Жас дарын» мектебінде - француз, қытай тілдері оқытылады, - дейді Л. Жүсіпова.
Айта кетерлігі, үш тілде оқыту бағдарламасын енгізу Павлодар қаласының № 42 мектебі мен Ақсу қаласының гимназиясында басталған.