08:06, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Павлодар облысында Жол картасы нысандарында атқарылатын жұмыстарға өткен мемлекеттік сатып алулар жөніндегі тендерлердің қорытындысы шығарылуда
ПАВЛОДАР. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысында Жол картасына кіргізілген 493 нысанның 477-сі бойынша жұмыстарға мемлекеттік сатып алу жарияланды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл туралы облыстық Қаржы басқармасының бастығы Батыржан Биғалиев селекторлық кеңесте мәлім етті. Қалалар мен аудандардың әкімдері, басқармалардың басшылары облыс әкімі Бақытжан Сағынтаевқа Жол картасын жүзеге асыру бағытында өткен мемлекеттік сатып алу тендерлері туралы баян етті. Өңірде әзірге 176 нысан бойынша тендер өткізілді, мердігерлердің жұмысқа кірісулеріне мүмкіндік туғызатын 74 келісім-шарт жасалып қойды. Мемлекеттік сатып алуларға конкурс газеттер мен сайттарда алдын-ала хабарландырулар жасалып, ашық жағдайда өтуде. Олардың қорытындыларын шығаруға жұртшылық, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, мәслихат депутаттары мен тәуелсіз БАҚ-тардың тілшілері қатысуда. Ал арнайы құрылған топ Жол картасының жүзеге асырылуы мен жұмыстардың сапасын бақылауда. Облыс басшысы шенеуніктерге бюджет қаражатын үнемдеп жұмсауды естеріне салды. Жол картасы бойынша Павлодар облысында әлеуметтік нысандарды қайта жаңартуға, жолдарды жөндеуге және елді мекендерді абаттандыруға 7,6 миллиард теңге бөлініп отыр.