Павлодар облысының әкімі «Электрондық үкімет-2009» бастамаларын жүзеге асырудағы үздік мемлекеттік орган қайраткері» деп танылды

ҚазАқпарат тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында Бақытжан Сағынтаев: «Елбасы халықтың Интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету туралы міндет қойды. Бүгінде ол міндет мүмкін болып отыр - электрондық пошта тарифтері едәуір арзандады, тұтынушылар жаһандық желіден көптеген қызықты мәліметтер тауып отыр. Бүгінде Павлодар облысы халқының 55 пайызы Интернетті пайдаланады, бұл - жақсы көрсеткіш. «Электрондық үкімет» халыққа бұрын мемлекеттік мекемелерден ғана алуға болатын мәліметтер тұрғысынан тартымды. Бүгінде кабинеттерді араламай-ақ, мемлекеттік органның сайтына кіріп, кез-келген керек мәліметті алуға болады. Оған қоса, көптеген мемлекеттік қызметтер әлемдік желі арқылы көрсетіледі - Халыққа қызмет көрсету орталығы керек анықтамалар мен құжаттарды электрондық пошта арқылы жібере алады. Қызметтің қолжетімділігіне көз жеткізген адамдардың Интернетке деген көзқарастары өзгеруде, Мәліметтерді жедел алудың, кезекте тұрмай-ақ, шенеуніктерге өтініштерін жеткізудің осындай мүмкіндіктері адамдардың ықыласын аударып келеді», деді.
- Сіздің блогыңыз халықтың көңіл күйін және қарапайым адамдардың проблемасын жақсырақ білуге көмектеседі. Келіп түскен хаттарды өзіңіз оқисыз ба?
- Менің блогымның ашылғанына әлі бір жыл болған жоқ. Осы аралықта оған 1,5 мыңнан астам хат-хабар келіп түсті. Олардың барлығын өзім оқимын, әрбір хат бойынша тапсырма беремін. Электрондық хаттар аймақтың жағдайы туралы қосымша мәлімет береді. Әкімшілік қызметкерлері кейде мәліметтерді жасырып қалады немесе үстіртін мәлімет береді дегендей.
Өз өлкесін жақсы көретін және қандай проблемаға назар аудару керектігін жазып жіберетін адамдардың хаттары да қызықты. Кейбір мәселелер бойынша жағдайды қалай жақсартуға болатындығы туралы сындарлы ұсыныстар да баршылық. Олар біздің жұмысымызға көмектеседі, сондықтан да мен бүкіл поштаны оқимын және мәселелердің түйінін жедел шешуге тырысамын. Алғыс айтып, хат жазатындар да көп.