Павлодар облысының әкімі германиялық инвесторлармен екіжақты әріптестікті кеңейтуді талқылады

Кездесу барысында тараптар өнеркәсіп саласындағы екіжақты әріптестіктің келешегін талқылады.
- Павлодар өңірі түрлі табиғат ресурстарына өте бай. Сондай-ақ, облыстың заманауи ғылыми-техникалық базасы мен тиімді географиялық орналасуы инвестицияларды тартуға, адам капиталының сапасын дамытуға оң әсер етеді. Облыста көліктік инфрақұрылым жақсы дамыған және инвесторлар үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы жұмыс істейді. Біз экономиканың барлық саласындағы өзара әрекеттестікке дайынбыз,- деп атап өтті аймақ басшысы Б.Бақауов.
Сөз алған компанияның бас директоры Хубертус Энгельс өңір басшысына алғысын білдірді.
- Қазақстан - қазба байлықтарға бай мекен. Біз ұсынғалы отырған заманауи жабдық қазба байлықтарды өндіруге және оны әлемдік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Хубертус Энгельс.
Шара барысында германиялық делегат өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында Болат Бақауовқа металлургтың мүсінін сыйға тартты.
Жұмыс сапары барысында неміс делегациясы «Павлодар құбыр жасау зауыты» ЖШС, «KSP Steel» ЖШС және «Тамыр» ЖШС-де болып қайтты.
«AWS SchäferTechnologieGmbH» компаниясы қызметінің басты бағыты - машина жасау, құбырлар мен темір табақтарды құйып шығару.
Еске сала кетейік, облыс әкімдігі мен «AWS Schäfer Technologie GmbH» арасында технологиялық және магистраль құбыр желілеріне қажетті қосқыш бөлшектерді жасап шығарудағы инновациялық технологияларды енгізу және игеру бойынша стратегиялық ұзақ мерзімді әріптестік туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Айта кетерлігі, 2015 жылы Германиямен арадағы тауар айналымы 43,5 млн. долларды құрады. Оның ішінде импорт - 43,3 млн. АҚШ доллары, экспорт - 0,2 млн. АҚШ доллары. Өңір саудасындағы Германияның үлес салмағы 2016 жылдың 1-ші тоқсанындағы тауар айналымы 13,2 млн. долларды құрады. Бұл 2015 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 70,3%-ға артық.