09:00, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Павлодар облысының әкімі қала тұрғындарын көкөністермен және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуші шаруашылықтарды аралады
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев облыс орталығына көкөністер мен сүт өнімдерінің негізгі жеткізушісі - Павлодар ауданында жұмыс сапарымен болып қайтты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аймақ басшысы 104 бау-бақша шаруашылығын сумен қамтамасыз етіп отырған сорғы стансысы орналасқан Черноярка селосында болды. Стансының аз қуаты мен көкөніс плантацияларына су айдалатын Ертіс арнасындағы су деңгейінің жетімсіздігі суармалы алқаптардың аясын әрі қарай кеңейтуді тежеп отыр. Облыс әкімі шаруа қожалықтарының басшыларымен болған кездесуде мұздатқыш қондырғылармен жабдықталған, жаңа өнімге дейін өнімдерді сақтауға мүмкіндік беретін сыйымды көкөніс сақтау қоймаларын жасау мәселелерін талқылады. Қаланы көкөністермен жыл бойына жоспарлы қамтамасыз ету базардағы бағаның күрт өзгеруіне жол бермейді. Б.Сағынтаев Розовка ауылында отбасылық балалар үйінде болып, ондағы тәрбиеленушілердің оқу үлгерімдерімен танысты. Ауылдық Мәдениет үйінде әкім украина, неміс және славян этноұжымдарымен кездесті. «Бүгін біз Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының «азық-түлік белдеулерін» дамытумен айналысуымыз керек. Жергілікті жобаларды қаржыландыру мәселесі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Павлодарға сапары барысында талқыланды, Үкімет басшысы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына біздің ұсыныстарымызды қарауды міндеттеді. Ал біздің жобаларымыз мұздатқыш жабдықтары бар көкөніс қоймасын салумен, мал шаруашылығын дамытумен байланысты»,- дейді облыс әкімі Б.Сағынтаев.