09:21, 19 Сәуір 2013 | GMT +5
Павлодар және Барнаул ЖОО-ларының ғалымдары мен қоғам халықтардың мәдени ықпалдастығын талқылады
ПАВЛОДАР. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясында (МПА) (Ресей) «Қазақстан апталығы» шеңберінде «Қазақтар және орыстар: диаспорадағы ұлттық мәдениет пен тілді сақтау және дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Басқосуға Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының (ПМПИ) ғалымдары да қатысты.
Павлодарлық жоғары оқу орнының баспасөз қызметінен хабарлағандай, баяндамалар мен пікірталастар барысында ұлттық-мәдени қоғамдық бірлестіктердің қызметіндегі проблемалар, олардың қазақ және орыс халқының ұлттық тілін, рухани және әдеби салт-дәстүрлерін, тарихын сақтап қалудағы рөлі қаузалды.
«Қазақстан апталығына» орай павлодарлық және алтайлық студенттердің бірлескен шығармашылық көрмесі ұйымдастырылды. Онда ПМПИ студенттерінің сәндік-қолданбалы шығармашылығының туындылары әрі көркем жұмыстары, Алтай МПА «Бейнелеу өнері» студиясының түрлі картиналары мен графикалары ұсынылды.