Павлодарда автокөлік иелері үшін мамандандырылған ХҚКО ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда автокөлік иелері үшін мамандандырылған ХҚКО ашылды, деп хабарлайды «ХҚКО» РМК баспасөз қызметі.
None
None

Орталықтың ашылу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен «ХҚКО» РМК бас директорының м.а. Әсемгүл Балташева қатысты.

Жаңа ХҚКО-да павлодарлықтар жүргізу куәліктерін ала алатын болады, сондай-ақ автокөлікті тіркей және қайта тіркей алады.

Іс-шара барысында Әсемгүл Балташева атап өткендей, «бұл Елбасы тапсырмасының шеңберінде ішкі істер министрлігі мен әкімдіктердің бірлесуімен республика бойынша ашылып отырған автокөлік иелеріне арналған алтыншы ХҚКО болып отыр. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсетудің барлық бизнес үдерістерін автоматтандырудың арқасында азаматтар бұл қызметтерді 2 сағат ішінде ала алатын болады».

Бір терезе қағидаты бойынша қызметтер көрсету үшін мамандандырылған ХҚКО аумағында 7 автомобильдің агрегаттарын бір уақытта салыстыруға арналған орын, теориялық емтихан (тестілеу) тапсыруға арналған класс, сондай-ақ автоматтандырылған автодром салынды.

«ХҚКО» РМК директорының м.а. айтуынша, мамандандырылған ХҚКО тұжырымдамасын әзірлеу кезінде ашықтық мәселелеріне баса назар аударылды.

«Біз ХҚКО қызметкерлері мен полиция қызметкерлерінің міндеттерін ажырата бөлдік: біреулері құжаттарды қабылдаумен және берумен, басқалары құжаттарды тексерумен және әзірлеумен айналысады. Емтихан тапсыру үдерісінің толыққанды автоматтандырылуы аса маңызды, ол адами фактордың әсер етуіне жол бермейді. Автодром арнайы датчиктермен жарақтандырылған, автомобиль жүргізу дағдыларын бағалау жүйесімен жабдықталған, ол емтиханның нәтижесін анықтайды» - деп хабарлады Әсемгүл Балташева.

Мамандандырылған орталықта 60 қызметкер еңбек етпек. Сол сияқты клиенттерге қолайлы болу үшін нарколог пен психиатр кабинеттері ашылды, бұл жерде азаматтардың жүргізуші куәліктерін алуға қажетті анықтамаларын алуына болады.

Соңғы жаңалықтар