Павлодарда ертеңнен бастап жол ережесін бақылайтын жаңа бейнекамералар іске қосылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Облыс орталығында жол ережесін бұзып, камераның қырағы көзіне түсіп қалғандарға айыппұлдар келе бастауы мүмкін. Шаһар бойынша ертеңнен бастап 100 аппараттық-бағдарламалық кешен іске кіріседі.

Павлодарда ертеңнен бастап жол ережесін бақылайтын жаңа бейнекамералар іске қосылады
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Қауіпсіз қала» үш жылдық жобасы аясында Павлодарда 14 қарашадан бастап көше қиылыстарында орнатылған аппараттық-бағдарламалық кешендер жұмыс істей бастайды. Қала көшелерінде алғашқы 100 аппараттық-бағдарламалық кешен (АБК) іске қосылады. Сондай-ақ шаһар бойынша қоғамдық тәртіпті бақылайтын 3 000 жалпы бейнебақылау камерасы біртіндеп жүйеге жалғанып жатыр.

– Облыс бойынша жалпы саны 420 АБК орнату көзделген болатын. Соның 240 данасы Павлодарда орнатылды. Ертеңнен бастап соның 100-і іске кіріседі. Көлік жүргізушілері жол ережесін бұзбай, абайлап жүргендері абзал. Себебі бұл АБК-лардың барлығы полицияның жедел басқару орталығына жалғанған. Әрі ҚР Ішкі істер министрлігіне, прокуратура органдарына тікелей көрсетілім жүргізіледі. Сондықтан жол ережесін бұзған көлік иелеріне полиция органдары тарапынан айыппұлдар келе бастауы мүмкін, - деп хабарлады өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.

Басқарма басшысының айтуынша, әр көше қиылысында 5-тен 10-ға дейін әлгіндей АБК-лар бар. Олардың саны жолдың екі немесе одан да көп жолақты болуына байланысты алдын ала белгіленіп орнатылған. Қазіргі уақытта еліміздің автожолдарындағы автоматты бейнебақылау жүйелерінде ең жиі тіркелетін заң бұзушылық - жүргізушілер тарапынан жылдамдықты шамадан тыс асыру. АБК-лар әуелгі кезекте жылдамдықты асырғандарды, бағдаршамның қызыл түсіне өткендерді, тыйым салынған жол жолағын басқандарды және басқа да заң бұзушылықтарды тіркейді.

Павлодар
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Бұған дейін жауапты басқарма барлық камералар биылғы 1 қарашада іске қосылуы мүмкін екенін айтқан. Бірақ жүйелерді мердігер компания белгілі себептер бойынша кеш орнатуға мәжбүр болған.

– Бейнебақылау жүйесі бойынша жобаны ұтып алған «Antarium Group» ЖШС-нан бөлек, алдындағы конкурсқа тағы 3 компания қатысқан. Олар конкурс нәтижелерімен келіспей, бізді сотқа берді. Салдарынан сот ісі біраз уақытқа ұласып, Алматы соты жабдықтарды орнату жұмыстарына тыйым салып қойды. Тек осы жақында ғана соттың оң шешімі шығарылып, жұмыстар қауырт түрде қайта жалғасты. Мердігердің жобаны кеш тапсыруының өз себебі бар. Біз камераларды орнатқаны үшін мердігерге ақша төлемейміз. Тек серивистік қызмет көрсеткені үшін, жүйе толық іске қосылып жұмыс істей бастағанда ғана төлей бастаймыз. Жалпы «Antarium Group» ЖШС-мен 3 жылға сервистік модель бойынша жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеге шарт жасалды, - деп қосты Ағыбай Әмірин.

Барлық бейнекамералар өңірлік полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің ұсыныстары бойынша белгілі бір көше қиылыстарына, көше бойларына орнатылған. Бейнекамераларды қуат көзіне қосу бойынша да бірқатар мәселелер туындаған. Жергілікті энергия таратушы ұйым техникалық шарттарды кезең-кезеңімен беріп, соған орай бүгінде кейбір көше камералары әлі де қуат көзіне жалғанбағаны анықталды.

– Камералар мен АБК-ларды сертификаттау ісі әлі де жалғасып жатыр.Әрбір камера сертификаттаудан өтеді, тексеріледі. Жауапты комитетке барлық камералар жіберілген, оларды қарау біраз уақытты алады. Ай соңына дейін барлық бейнекамаралар тиісті тексеруден өткізіліп, сертификаттар беріледі деп күтіліп отыр, - дейді басқарма басшысы.

Билік өкілдері Павлодар қаласындағы барлық 240 АБК мен қоғамдық қауіпсіздікті бақылауға арналған 3000 бейнебақылау камерасы қараша айының соңында толық іске қосылып болады уәде етіп отыр. 

Бұған дейін Павлодар көшелерінде бет-әлпетті танитын бейнекамералар орнатылып жатқаны туралы хабарлағанбыз.

Ал тамыз айында Ақсу мен Екібастұз қалаларында автоматтық бақылау жүйелері іске қосылған болатын. 

Соңғы жаңалықтар