16:24, 02 Мамыр 2013 | GMT +5
Павлодарда өгей әкесін өлтірген жігіт құрықталды
АСТАНА. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Павлодар облысы Екібастұз қаласының криминалдық полиция қызметкерлері өгей әкесін анасынан қызғанып өлтіргені үшін 30 жастағы қала тұрғынын құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Ресми өкілдің айтуынша, күдікті мас күйінде қалалық бейітте қарауыл болып жұмыс істейтін 50 жастағы өгей әкесіне келіп, оны күректің сабымен ұрып өлтірді. Содан кейін денені зираттың түпкі жағына апарып тастап, күзетшінің үйін өртеп жіберген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кету керек, өткен апта ішінде елімізде 6744 қылмыс тіркеліп, «ізі суымай» 3117 қылмыстың беті ашылды. Бұрын жасалған 783 қылмыс, оның ішінде өткен жылдар санатындағы 101 қылмыс ашылды. Іздеу жарияланған 125 қылмыскер ұсталып, 7 дана қару тәркіленіп алынды. Есірткінің заңсыз айналымына байланысты 68 қылмыс анықталды, оның ішінде 43 сату фактісі. 25 келі есірткі заты, оның ішінде 1,5 келіден аса героин тәркіленді.