Павлодарда оқушылардың жазғы демалысына арналып 741 лагерь ашылады

Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Облыс көлемінде ашылатын 741 лагерьдің 345-і - мектеп жанына орналасса, 376-сы - профильді, 6-ы - киіз үй, 4-уі - көшпенді лагерь және 10-ы - қала сыртындағы тынығу лагері. Мектеп жанындағы және қала сыртындағы демалыс орындарында жетім қалған және көп балалы, аз қамтамасыз етілген отбасылардан шыққан 10 мың бала тегін демалады.
Өңірдегі 8 мыңнан астам оқушы жазғы уақытта еңбек етіп, табыс таба алады. Олар аудандарындағы көгалдандыру және көріктендіру жұмыстарына қатысады. Бұл мақсатқа бюджеттен 56 миллион теңге бөлінеді. Экологиялық тәрбие беру мақсатында 300-ден астам оқушы мектеп орманшылықтарында көшет отырғызып, арамшөп жұлумен айналысады. Шарбақты, Лебяжі, Железин аудандарында мемлекеттік «Ертіс орманы» резерваты, Баянауыл ауданында «Баянауыл» ұлттық табиғи паркі оқушылардың төлемақысына қаржы бөлген, деп хабарлайды egemen.kz облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.