Павлодарда өтетін Қазақ киносының күндері барысында «Қазақфильмнің» үздік картиналары көрсетілмек

АСТАНА. 18 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 18-22 сәуір аралығында Павлодар қаласындағы Ш.Айманов атындағы кинотеатрда Қазақ киносының күндері өтеді.
None
None

Ш.Айманов атындағы кинотеатрдан мәлім еткендей, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ мен Павлодар әкімшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараның негізгі мақсаты - жаңа сапалы деңгейге көтерілген қазақ киносының өнімдерімен еліміздің барлық аймақтарын таныстыру.

Көрермендер назарына «Қазақфильм» киностудиясы соңғы екі жылда түсірген бес фильм ұсынылатын болады. Іріктелініп алынған фильмдер жанры жағынан да көрерменнің жас ерекшелігіне қарай алуан түрлі. Мысалға, Фархат Шәріповтың «Қызғылт қоян туралы хикая» фильмі жастар драмасы болса, Данияр Саламаттың «Бәйтерек» атты фильмі кішкентай бүлдіршіндерге арналған. Ал режиссер Элдор Оразбаевтың «Афалинаның қарғуы» және Рүстем Әбдіраштың «Балалық шағымның аспаны» фильмдері барша киносүйер қауымның көңілінен шығады деген үміт бар. Онымен бірге, картиналардың қатарында ел кинотеатрларында таяуда көрсетіле бастаған «Ликвидатор» фильмі бар.

«Қазақфильм» киностудиясының бұл бастамасы Павлодар қаласының тұрғындары үшін нағыз мерекелік күндерге айналатыны сөзсіз. Себебі, шара барысында фильмдер көрсетіліп қана қоймай, фильмдерді таныстыруға келген кино жұлдыздарымен қауышу мүмкіндігі де туады. Олардың арасында: КСРО халық әртісі, әнші, актриса Бибігүл Төлегенова (балалық шағымның аспаны) және танымал актер, Ерік Жолжақсынов («Афалинаның қарғуы»), сонымен қатар, кино өнерінде енді ғана жұлдызы жанып келе жатқан жас актер Әнуар Нұрпейісов («Қызғылт қоян туралы хикая»), режиссер Фархат Шәріповтер («Қызғылт қоян туралы хикая») бар», - делінген хабарламада.

Соңғы жаңалықтар
Референдум