Павлодарда таңғажайып «Студенттік бал» өтті (ФОТО)

Бүгінгі студенттік балда кез келген жан бидің таңғажайып әлемінің есігін ашты. Сұңғыла бойлы бозбалалар мен сұлу бойжеткендер оркестрдің тамылжыта салған әуенімен залға енді. Студенттік балдың құрметті қонағы С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, профессор Серік Өмірбаев болды. Ол студенттерді би балының тұсау кесерімен құттықтады. Серік Мәуленұлы өз сөзінде Павлодар мемлекеттік университетінде студенттер сапалы білім алумен қатар шығармашылық бағытта жан-жақты дамуына мүмкіндіктер жасалғанын атап өтті. Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Ақбота Сарыбайдың айтуынша бұл шараға ұйымдастырушылар көп уақыт бойы байыппен дайындалған. Мәселен, ұйымдастырушылар дебютанттар үшін кастинг өткізу, бал этикетін меңгеру және маңыздысы класикалық би өнерін игеру сынды жұмыстарды атқаруға тура келген. Қатысушылардың сәнді киімдері ХІХ ғасыр мәнері мен рухында өткен би балының салтанаты мен шырайын келтірді. Көрермендер мен әділқазылар алқасы назарына класикалық би үлгілері, оның ішінде полонез, полька, мазурка билері ұсынылды. Кештің екінші бөлімінде дебютанттар би, сахналық образ және вокалдық дарындарын байқайтын үй тапсырмаларын орындады. Сондай-ақ кеш бағдарлмасында С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік филармонияның би топтары мен әншілері өнер көрсетті. Мұнымен қоса, кеш бағдарламасы шеңберінде «Көрермен көзайымының ханзадасы мен ханшайымы», «Жастар ісі жөніндегі комитеттің ханзадасы мен ханшайымы» номинациялары бойынша жүлделер табыс етілді, ғаламторда қосымша дауыс беру арқылы «ханзада мен ханшайым» анықталды. Ал «ПМУ ханзадасы мен ханшайымы» атанған Алмас Мәжит пен Махаббат Қанабекова болды.