Павлодарда ұялы телефон мен велосипед жиі ұрланады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Полицейлер ұялы телефонды бейтаныс адамдарға бермеу керектігін ескертіп отыр. Себебі ұрлықтың көбі осындай бейқамдықтың салдарынан туындайды.
Тәртіп сақшылары Ертіс-Баян өңірінде жыл басынан 787 ұрлық дерегі тіркелгенін мәлім етті. Оның ішінде 155 ұялы телефон, 146 велосипед, 58 пәтер ұрлығы, 41 мал ұрлығына қатысты болса, тағы 21 оқиға автокөлік салонынан зат ұрлаумен және 5-уі қалта ұрлығымен байланысты.
— Полиция тұрғындарға ұрлықтың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады. Ең әуелі жеке заттарды қараусыз қалдырмау ұрлықтың алдын алады. Ал ломбардтарда, базарларда және көшеде заттарды, техника мен құрылғыларды құжаттарсыз сатып алмаңыз. Ұялы телефоныңызды бейтаныс адамдарға бермеңіз. Велосипедтер мен сәби арбаларын үй кіреберістерінде қараусыз қалдырмаңыз. Мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы құлыптау құрылғысын пайдаланыңыз, — деп ескертті полиция департаментінен.
Еске сала кетейік, Павлодар облысында мал ұрлығымен айналысқан үш қылмыстық топ құрықталды.