Павлодарда жағажай футболынан Қазақстан суперкубогы мен кубогы ойындары өтеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 2026 жылғы 28-31 мамыр аралығында Павлодар қаласында жағажай футболынан маусымның басты республикалық жарыстары өтіп, оның аясында екі бірдей ұлттық жүлде сарапқа салынады, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі.

жағажай футболы
Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Жарыс бағдарламасының шымылдығын Қазақстан Республикасының Суперкубогы жолындағы матчтар сериясы ашады. Бұл титул үшін еліміздің қазіргі чемпионы әрі Кубок иегері павлодарлық «Арман» мен Қазақстан Кубогының өткен ұтысының күміс жүлдегері – Жетісу облысының «Малайсары» командасы бақ сынайды.

Регламентке сәйкес, жеңімпаз екі жеңіске дейінгі серия қорытындысы бойынша анықталады. Егер алғашқы екі матчта қарсыластар бір-бірден жеңіске жетсе, үшінші шешуші кездесуді өткізу қарастырылған.

Суперкубок бәсекесі аяқталғаннан кейін бірден Қазақстан Республикасы Кубогының ұтысы басталады. Топтық кезеңде қатысушылар екі топқа бөлінген. «А» тобында Семейдің «Спартак» ұжымы, елордалық «Arlan» және «Малайсары» өнер көрсетсе, «В» тобына павлодарлық «Арман» мен қатар Павлодар облысының намысын қорғайтын «ТК В&А» және «Zarya Arystan» ұжымдары енді.

Турнирлердің барлық матчтары Павлодар қаласының Орталық жағалауында орналасқан арнайы стадионда өтеді. Қазақстан футбол федерациясы өзінің ресми YouTube-арнасында ойындардың тікелей трансляциясын ұйымдастырады.

Ойындар кестесі:

28 мамыр (бейсенбі)

Қазақстан Суперкубогы

11:00 «Арман» – «Малайсары»

18:00 «Малайсары» – «Арман»

29 мамыр (жұма)

09:00 «Арман» – «Малайсары» (қажет болған жағдайда)

29 мамыр (жұма)

Қазақстан Кубогы

10:00 «ТК В&А» – «Zarya Arystan»

11:00 «Спартак» – «Arlan»

17:00 «Арман» – «Zarya Arystan»

18:00 «Спартак» – «Малайсары»

30 мамыр (сенбі)

10:00 «Арман» – «ТК В&А»

11:00 «Arlan» – «Малайсары»

17:00 1 «А» – 2 «В» (Жартылай финал)

18:00 1 «В» – 2 «А» (Жартылай финал)

31 мамыр (жексенбі)

10:00 5-6 орындар үшін матч

11:00 3-4 орындар үшін матч

16:00 Финал

Осыған дейін Қазақстан Премьер-лигасында ХІІ тур ойындары басталатыны туралы жаздық.