Павлодарда «Зияткер ұлт» жобасын жүзеге асырудың жолдары талқыланды

Отырысқа қатысушылар дарынды жастарға білім беру, бітіруші түлектерді еңбекпен қамту және оларды кәсіпкерлікке баулу, ғалымдардың жаңа жобаларын ауыл шарушылығы өндірістеріне енгізу мәселелерін талқылады.
«Елбасы жақында Қазақстан студенттеріне арнап оқыған дәрісінде қазақстандық қоғамда қызу пікірталас туғызған бірқатар жалпыұлттық жобалар ұсынып еді. Дағдарыстан кейінгі экономиканың проблемалары мен перспективалары бүгінде тек саясаттанушылар мен ғалымдарды ғана толғандырып отырған жоқ - бұл бағыттағы сарабдал және стратегиялық салмақталған мемлекеттік саясатқа қазақстандық қоғамның барлық санатының тұрмысы тәуелді. Зияткерлік серпімді әлемдік дағдарыстың теріс салдарын еңсеруге, Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына қосылуына сеп болатын негізгі фактордың бірі ретінде қарастырған Н.Назарбаев, «Зияткер ұлт» жобасына ерекше тоқталған еді. Оны жүзеге асыру - жоғары оқу орындарының міндеті», деп атап көрсетті өз сөзінде Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Ерлан Арын.
Талқылауға жоғары оқу орындарының ғалымдары, өндірісшілер, қалалық және облыстық мәслихаттардың депутаттары, «Нұр Отан» партиясының және атқарушы биліктің өкілдері қатысты.