Павлодарлық БАҚ өз газеттерінің оқырмандары мен білім беру басқармасының бастығы арасында «тікелей желі» өткізді
Көтерілген мәселелердің қатарында бала бақша кезегі, педагогтарды қолдау, тәрбие шарттары мен шағын-орталықтардағы демалыс, сонымен қатар ауыл мектептерінің Ғаламтор желісіне қосылуына қатысты сұрақтар көптеп кездесті.
Ата-аналар «Қазақ мектептерінде оқитын балалар сабақ арасындағы үзіліс кезінде неге орыс тілінде сөйлеседі?» деген сұраққа жауап іздеді. Б.Бексейітова: «Павлодар облысында бұрыннан тұрып келе жатқан ұлт өкілдері балаларының 66 пайызы қазақ мектептерінде немесе қазақ сыныптарында білім алады. Ал бірақ олардың отбасында сөйлесетін тілі - орыс тілі, сондықтан балалар сабақтан тыс уақытта қандай тілде әңгімелесетіндігі ата-аналарға байланысты», - деп түсіндірді.
«Тікелей желі» барысында «Ауыл мектептеріне қанша жас маман аттанды?» деген өзекті мәселе де көтерілді. Білім беру басқармасының бастығы «Биылғы жылдың 342 түлегі ауылдарға кетті. Олардың барлығы ауылда үй сатып алу үшін үстеме ақысыз 900 мың теңгеге дейін, 15 жылға несие ала алады. Пәтер алуға 248 өтініш келіп те үлгерді», - деп жауап берді.
Кейбір мәселелер енді Б.Бексейітованың жеке бақылауында болатын болды.