Павлодарлық кәсіптік-техникалық лицейлер мен колледж түлектерінің 75 пайызға жуығы жұмысқа орналасады
Бұл туралы бүгін ҚР Президентінің халыққа арнаған Жолдауын талқылау бойынша өткен облыс активінің отырысында аймақ басшысы Қанат Бозымбаев мәлім етті деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Мемлекет басшысы 2017 жылдан бастап жалпыға бірдей тегін кәсіптік білім беру жобасы жүзеге асырылатынын атап өтті. Бұл 49 кәсіптік-техникалық оқу орны бар Павлодар өңірі үшін де өте маңызды. Өнеркәсіптік нысандар мен кәсіпорындарға мамандар даярлайтын білім беру орындарында 88 мамандық бойынша 21,6 мың студент білім алады. Өңірде техникалық және технологиялық бағыттағы колледждерде оқитын студенттердің саны 47 пайызға жетті. 2015 жылы облыс колледждерінің күндізгі бөлімінде білім алған студенттердің саны алты мың адамды құрады. Оқуын аяқтаған соң бірінші жылы жастардың 74,9 пайызы жұмысқа орналасып, еңбекпен қамту 98 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш бюджеттік қаржының тиімді пайдаланғанын көрсетеді», - деді Қ. Бозымбаев.
Айта кетерлігі, облыстық білім беру басқармасының ақпараты бойынша соңғы он жылда кәсіптік-техникалық лицейлер мен колледждерде дуальді білім беру жүйесі танымал бола бастаған. Студенттер оқуға бөлінген уақыттың басым бөлігін кәсіпорындарда тәжірибеден өтуге арнайды. Бүгінгі таңда дуальді білім беру жүйесі аймақтың 5774 адам білім алатын 44 колледжінде енгізілген. Білім беру 887 кәсіпорында 76 мамандық бойынша жүргізіледі.
«Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның директоры Арман Есенжоловтың айтуынша, мұндай үрдістің кәсіпорында жүзеге асырыла бастағанына бірталай уақыт өткен. - Биыл 238 түлек зауытта тәжірибеден өтті. Олар оқу кезінде өздерінің жұмыс орнына толық бейімделді. Жастарға тәлімгерлер бекітілді. Нәтижесінде жыл басынан бері «Қазақстан Алюминийі» АҚ-на кәсіптік-техникалық лицейлер мен колледждердің 27 түлегі жұмысқа орналасты, - деп атап өтті ол.