10:40, 13 Тамыз 2010 | GMT +5
Павлодарлық мұрағатшылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың тізімін жариялап отыр
ПАВЛОДАР. Тамыздың 13-і. ҚазАқпарат /Николай Кузнецов/ - «Адамзат алдағы қыркүйек айында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 65 жылдығын атап өтеді. Дүниенің біраз бөлігін отқа ораған ол соғыстың жаңғырығы әлі күнге дейін көптеген қазақстандықтардың отбасыларының жүрегін сыздатады. Көптеген павлодарлықтар соғыста жоғалған аталарын, әкелері мен туыстарын іздеп, бізге хабарласып жатады», - дейді Павлодар облысының мұрағаттар және құжаттар басқармасының бастығы Халел Әкімханов.

Павлодарлық мұрағатшылар соғыс жылдары қаза тапқан және із-түзсіз жоғалған павлодарлықтар туралы деректерді жинау жөніндегі жұмыстар жүргізіп келеді.
Мұрағат басқармасының сайтында - www.arhiv.pavlodar.gov.kz - 1942 жылдары қараша-желтоқсан айларында Ресейдің Тверь облысындағы Оленин ауданының аумағында 100- және 101-ші атқыштар бригадасының құрамында қаза тапқан Павлодар облысының тумаларының тізімі беріліп отыр. Сайтта сондай-ақ, Беларусия аумағында, 1945 жылы Австрияны азат ету кезінде және Германияда концентрациялық лагерьлерде қаза болған павлодарлықтардың аты-жөндері жарияланған.