Павлодарлық нұротандықтар бизнестің төменгі инновациялық белсенділігіне назар аударды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысы инновациялық белсенділігі төмен он өңірдің тізіміне енді.
Бұл туралы облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» депутаттық фракциялық партиясы жиналысы президиумының отырысында облыстың индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Нұрболат Сейтмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі партияның облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. «Өндірісте инновациялардың болмауының негізгі себептері ғылым мен өнеркәсіп арасындағы әлсіз байланыс, бизнестің инновациялық белсенділігі деңгейінің төмендігі», - деп ескертті басқарма басшысы. Депутаттар осы мәселенің қалай шешілетіндігіне алаңдаушылық білдірді.
Н.Сейтмағамбетовтің сөзіне қарағанда, басқарма кәсіпкерлердің ақпараттандырылуын арттыру, семинарлар өткізу, инновациялық жобалар конкурстарын ұйымдастыру бойынша жұмысты күшейтуді жоспарлап отыр. Бұған қоса Павлодар облысы ғалымдарының деректер базасын құру қарастырылуда. Сондай-ақ халық қалаулылары, өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін және азық-түліктік қауіпсіздігін дамыту мәселесін де талқылады. Атап айтқанда, депутат Серім Сыздықов облыстың ауыл шаруашылығы басқармасына ауыл шаруашылығына көптеп инвестициялар тартуды және ірі шаруашылықтар құруға жәрдемдесуді ұсынды.
«Біз үлкен аграрлық мүмкіндіктері бар елміз. Бірақ дүкендерде отандық өнімдерді көп кездестіре бермейсіз. Қарақұмық бойынша біз елде көшбасшымыз. Біздікін сатып алғың келеді, ал оны таппайсың, барлығы сырттан әкелінген», - деп ескертті С.Сыздықов.
Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев, депутаттардың ұсыныстарын назарға ала отырып, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін инвесторлар іздеу бойынша жұмысты күшейтуге уәде берді.