Павлодарлықтар тазалық айлығына белсене араласуда
Павлодар облысы әкімі Б.Сағынтаев 16 сәуір мен 16 мамыр аралығында Павлодар облысы бойынша тазалық айлығын жариялады.
Айлық аясында Павлодар қаласының Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі училищесінде сенбіліктер ұйымдастырылып, оған жеке құрам мен ауыспалы құрам және біліктілікті арттыру курсының тыңдаушылары белсене қатысты. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, туған өңіріміздің өңі кіріп, көшелеріміз көріктеніп жатса, көз қуанышымыз емес пе?»,- дейді олар.
Училище бастығы полиция полковнигі Б.Сейітбатталов: «Мұндай шаралар қоршаған ортаның келбеті мен қоғамдық тазалық үшін аса қажет. Тәртіп тазалық пен реттіліктен басталады. Әрине санитарлық тазалық сенбілікпен шектелмейді, алдағы уақытта да жалғасын табады» - деген пікірін білдірді.
Шара барысында жасыл-желектердің көптеп арта түсуіне ерекше көңіл бөлінді. Аулада бірнеше түп ағаш көшеттері отырғызылып, талдарды әктеу, қажетсіз талшықтарын кесіп, қалпына келтіру, күл-қоқыстарды жинау, гүл өсіру алаңдарын ретке келтіру жұмыстары атқарылды.
«Жалпы алғанда, көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазарту айлықтары аясында өткізілген сенбіліктің қорытындысы көңілден шығарлықтай болды деп айтуға толық негіз бар. Аула тазалығы тек қана сенбілікпен шектелмей, алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдеміз», - дейді шараға қатысушылар.