Педагогтардың еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру қажет - Мәжіліс депутаты Динар Нөкетаева

СТАНА. Сәуірдің 2-сі. ҚазАқпарат. Мемлекетімізді өркениетке бастауда, бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосуда білім мен ғылым саласының орны ерекше. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында білім мен ғылымды дамытудың 2020 жылға дейінгі кезеңдеріне арнайы тоқталды. Балаларға мектеп жасына дейінгі тәрбие беруде «Балапан» арнайы бағдар­ла­ма­сын әзірлеп, іске асыруды тапсырды.
None
None

2020 жылға қарай орта білім беруде 12 жылдық оқыту моделінің табысты жұмыс істеуі үшін Үкімет барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс екенін мәлім етті. Сондай-ақ кәсіптік-техникалық және жоғары білім берудің деңгейін арттыру міндетін жүктеді.Білім мен ғылым саласын дамытудың жолдары қандай? Бүгінгі таңда аталған бағытты ілгері дамыту үшін Парламентте қандай заң жобалары талқылану үстінде? Қазақ ақпарат агенттігінің осы бағыттағы сұрақтарына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева жауап береді.

- Динар Жүсіпәліқызы, Сіз Мәжілістегі әлеуметтік саланы қамтитын комитетке жетекшілік етесіз. Ғылым мен білім саласын дамыту үшін бүгінгі таңда қандай заңдық негіздер қажет деп есептейсіз?

- Білім беру мен ғылымды дамыту мәселелерін Елбасы әрдайым өзінің басты назарында ұстайды. «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасында да білім беру мен ғылым саласына арналған ірі бөлімдер қарастырылған.

Өткен жылдарда білім беру мен ғылым саласын заңнамалық түрде қамтамасыз етуде бірталай ауқымды жұмыстар атқарылды. 2007 жылы қабылданған «Білім туралы» Заң білім берудің қалыпты жұмыс істеуіне оң ықпал етті. Дегенмен онда көптеген тұжырымдалық құқықтық олқылықтарға жол берілді. Оны біз қазіргі кезде Комитетте «Білім туралы» Қазақстан Рес­пуб­ли­касының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жобасын қарауда айқын сезініп отырмыз. Осы жолы Мәжіліс депутаттары заң жобасына бірталай тұжырымдамалық өзгерістер мен толықтырулар енгізді. Бұл заң жобасының кейбір нормаларын «Ғылым туралы» заң жобасымен бірге қарау керектігі қажет болып отыр.

2001 жылы қабылданған «Ғылым туралы» Заңда осы саланы заңды тұрғыдан біршама реттеуге қол жеткізілді. Алайда, жуырда ғылым дамуының елімізде кенжелеп қалуына байланысты, Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен дайындалған «Ғылым туралы» Заң жобасының жаңа редакциясы және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.

Білім мен ғылым саласында реформа кезеңдеріндегі міндеттер толыққанды жүзеге асқан жоқ, өз шешімін табуды қажет етіп отырған бірталай өзекті мәселелер әлі де жетерлік.

- Атап айтқанда...

- Ең бастысы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы толық көлемде іске асқан жоқ. Сондықтан 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу кейінге шегерілді. Білім саласындағы оң өзгерістерге алып келетін реформаларды жүргізу аяғына дейін жете алмады.

- 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшу бойынша бағдарламаны іске асыру үшін қандай маңызды міндеттерді атқару керек деп ойлайсыз?

- Оқушы орындарының жетіспеушілігін қысқарту және бірінші сыныптың алты жастағы балаларға қосымша орындар ашу қажет. Жоғары сатыдағы бейінді оқытуға, әсіресе шағын жасақталған мектептер мен мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін қолайлы жағдай жасау керек.

Басты міндеттердің бірі - мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту. Сонымен қатар жаңа формациядағы педагогтарды даярлау және қайта даярлау мәселесі шешімін табуы қажет. Жедел түрде жаңа стандарттар, бағдарламалар мен оқулықтар әзірленуі тиіс. Осыған байланысты 12 жылдық оқытуға көшуді кейінге қалдыруға себеп болған жағдайларға тағы да мұқият талдау жасалғаны жөн секілді.

- Осы 12 жылдыққа көшудің қандай тиімді жолдары болуы мүмкін?

- Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу үшін кешенді шаралар белгілеу қажет. Мүмкін қазірден бастап 9-шы сыныптан кейін, балаларды олардың қабілетіне байланысты гуманитарлық, жаратылыстану-математикалық оқуға бейімдеп, гимназия мен лицейлерге оқытуды, ал техникалық кәсіптік білім алуға бейімдерін бейіндік білім беруді бастаған жөн болар. Ол үшін мектептердің материалды-техникалық базасын нығайту арқылы мектеп жанынан оқу-өндірістік орталықтар ашылса дұрыс болады. Сонда балалар 11-ші сыныпты бітіргенде белгілі бір мамандық иесі болар еді. Яғни, 12 жылдық оқытуға көшуді жоғарғы сыныптардан бастаған жөн болатын сияқты. Бұл 12 жылдық жалпы орта білім беруге көшудің өтпелі кезеңінің базасын құрап, аталған бағдарламаны тезірек жүзеге асыруға септігін тигізер деп ойлаймын.

- Жалпы білім саласын дамыту үшін қандай негізгі бағыттарды айтар едіңіз?

- Еліміздің басты байлығы - адам, халыққа сапалы білім мен рухани азық беру - білім саласындағы қызметкерлердің басты міндеті. Сондықтан ең алдымен бірқатар міндеттерді шешу қажет деп санаймын. Атап айтқанда, педагогтардың еңбегіне ақы төлеу жүйесін жетілдіру қажет. Ұстаздардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мәселесі де шешілуі тиіс. Қазір заман өзгерді, қоғам жаңаруда. Сол себепті педагогтардың біліктілігін арттыру, бәсекелестік орта туғызу, халық арасында мәртебісінің, беделінің көтерілуіне жағдай жасау керек.

Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуды, оларды компьютерлермен, электронды-цифрлы техникамен жарақтауды одан әрі жетілдіру ісі де жүйелі жалғасын тапқаны жөн.

Сонымен қатар мектептерді оқушы санына байланысты қаржыландыруды қарастыру, білім беру қызметтері стандарттарының нормативін белгілеуді жүзеге асыру керек.

- Мемлекеттік тілді меңгеру үшін талап қою мектеп қабырғасында басталғаны жөн секілді. Сіздің ұсынысыңыз?

- «Тіл туралы» Заң, Қазақстан Республикасында тілдерді дамытудың ұзақ жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарлама бар. Дегенмен, мемлекеттік тілді дамытуда шешуін таппай отырған мәселелер баршылық. Жыл сайын тілдердің дамуындағы өзекті мәселелеріне арналған іс-шаралардың саны да сапасы да артып отыр. Дегенмен білім беру жүйесі мемлекеттік тілді білдіруде, үйретуде көптеген кемшілікке жол беріп отыр. Алысқа бармай-ақ солардың біреуін атасам жеткілікті болар. Мысалы, «Білім туралы» заңда көрсетілгендей орта мектептің түлектері Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсырғанда орыс тілді мектепті бітірушілер қазақ тілінен, қазақ мектебін бітірушілер орыс тілінен бесінші пән ретінде тестілеуден өтеді. Алайда, оның баллдары жоғарғы оқуға түсуге негіз болатын сертификатта есепке алынбайды. Осы себепті балалар мемлекеттік тілді немесе орыс тілін білуге ұмтылыс жасамайды. Осы айтылғандарды ескеріп, «Балабақша - мектеп - жоғары оқу орны» қағидатына негізделген мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту жүйесін енгізу, жоғары оқу орындарында қазақтың көркем әдебиетінің туындыларын шет тілдеріне аударатын мамандар даярлайтын арнаулы бөлімдер мен факультеттер ашу, қазақ бөлімдерінде маман заңгерлерді даярлау сапасын арттыру, тіл оқыту орталықтарында бірыңғай стандартқа негізделген, халықаралық талапқа сай әзірленген мемлекеттік тілді оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешенді іске қосу, қазақ тілінде білім беретін мектептердің деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру шараларын қарастыру қажет.

- Азаматтарымыздың бүгінгі таңда сұранысы жоғары болып тұрған мамандыққа ие болуы да өте маңызды. Осы турасында қандай пікір қосасыз?

- Президенттіміздің тапсырмасымен техникалық және кәсіптік білім беруді одан әрі дамытудың бағдарламасы әзірленді және ол іске асырылуда.

Бұл мәселеге ерекше маңыз берілгендіктен, осы бағдарламаны іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналған парламенттік тыңдау өткізілді. Үкіметке бірнеше нақты ұсынымдар берілді. Парламенттік тыңдаудың ұсынымдары тек қағаз жүзінде қалып қоятын болса,ондатехникалық және кәсіптік білім беруді дамытуды толықтай іске асыру үлкен қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет шағын бизнесті дамыту туралы мәселе көтерді және ол бойынша тиісті шешімдер қабылдады. Бұл мәселе бойынша білім беру жүйесі де өте ауқымды қызметтер атқаруы мүмкін еді. Бірақ ол ойдағыдай болмай тұр. Шағын кәсіпкерлік оларды ұйымдастырушылардан да, жалдамалы жұмысшылардан да тиісті білім мен дағдыны қажет етеді. Бастапқы және орта кәсіптік білім беру ұйымдары өз жұмыстарын осы бағыттарға қайта бұрулары қажет. Әсіресе бұл проблема жұмыс қолы артық, жұмыс күшінің пайдаланылу салалары нашар дамыған ауылдық жерлерде өткір күйінде қалып отыр.

- Елдің білімді де білікті зиялы қауымын қалыптастыратын азаматтарды тәрбиелеуде жоғары оқу орындарының рөлі ерекше. Біздің университеттеріміздің берген білім деңгейі қандай?

- Енді жоғары білім мен жоғары білімнен кейінгі білім беру мәселесіне келетін болсақ, мұнда да шешуін таппай қордаланып қалған мәселелер аз емес. Кемшілігімізді айтсақ, көптеген азаматтарымыз еңбек рыногінде сұраныс таппай отыр. Бұл жекеменшік жоғары оқу орындарында қажетті де қажетсіз мамадарды жаппай дайындаудан, олардың білім деңгейінің төмендігінен, еңбек рыногінде сұранысқа мониторингтің дұрыс жүргізмеуінен туындап отырған жағдай.

Дегенмен оң үрдіс те бар. Жоғары білім беруде біз Болон процесіне ендік. Жалпы еліміздегі білім жүйесі батыстық білім беру жүйесіне бағытталып отыр. Мамандар, ғылыми педагогикалық қызметкер даярлауда үш деңгейлі «бакалавр-магистр-доктор (философия докторы (Ph), бейінді доктор)» білім беру жүйесіне көштік. Жүздеген магистрлар, көптеген философия докторларын (Ph) дайындап та үлгердік.

Алайда, бұл жерде де орын алған олқылықтар бар. Магистр жұмыстарын атамағанның өзінде, философия докторлары (Ph) диссертацияларының сапасы сын көтермейді. Қорғалған диссертациялардың көбінде ғылыми жаңалық жоқтың қасы. Олардың еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына қосар үлесі шамалы. Мұның бәрі диссертация мазмұнына қойылар қатаң талаптың жоқтығынан және мұның бәрі академиялық атақты жоғары оқу орны, ғылыми ұйымдардың өздері бере салуға құқықты екендігінен туындап отыр.

Осы жерде айтайын дегенім, «Білім туралы» заң мен «Ғылым туралы» заңның арасында өзара тығыз байланыс жоқ. Білім мен ғылым егіз десек, олардың көптеген нормалары өзара қабысуы тиіс еді. Өкінішке орай олай болмай отыр. Білімі саяз адамнан жақсы ғалым шықпайтынын дәлелдеп жатудың өзі артық. Ғылым кандидаттары мен докторларының ғылыми, педагогтық әлеуетіне өтпелі кезеңнен толықтай еңсермейінше немқұрайлы қарауға болмайтын сияқты. Шынайы зерттеу жолына түскен ғылым кандидаттары мен докторлары әлеуметтік те материалдық жағынан елеулі де толықтай қолдауды қажет етеді.

- Білім мен ғылым саласының көкжиегі туралы ой бөліскеніңзге рақмет. Заң шығарушылық қызметте табыс тілейміз.

Соңғы жаңалықтар