Петропавлда 36 жастағы әйел аса ірі көлемдегі «героинмен» ұсталды - ІІД

Тәртіп сақшылары Петропавлск қаласында тұратын әйелдің «героин» есірткі затын сақтайтындығы және өткізетіндігі туралы ақпарат алған.
Жедел-іздестіру шаралары кезінде Петропавл қаласының 36 жастағы тұрғыны ұсталды. Тексеру барысында оның пәтерінің балконындағы сөрелерде тұрған әйнек банкалардың арасынан сарғыш түсті зат салынған полимерлік 3 орама табылды. Эксперттің қорытындысы оның жалпы салмағы 1,08 грамм болатын, яғни аса ірі көлемдегі героин екендігін анықтады. Петропавл станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің қызметкерлері аталған азаматшаның үстінен ҚР ҚК 259-бабының 3-бөлімінің «в» тармағымен есiрткi заттарға немесе психотроптық заттарға қатысты өте iрi мөлшерде сақтау, өткізу бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта ұсталған азаматша ҚР ҚК-нің 132-бабына сәйкес, Петропавл қаласының ІІД-нің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.