Петропавлда 93 жас жанұяға жаңа пәтерлердің кілті табысталды (ФОТО)
Облыс әкімінің атынан қоныс иелерін мерекемен оның бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров құттықтады.
«Құрметті шараға қатысушылар! Қымбатты жерлестер! Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтановтың атынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен және осы тұрғын үйдің қолданысқа берілуімен құттықтаймын! Бүгінгі жұмысымыздың басым бағыттарының бірі тұрғындарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамту. Жаңа қоныс иелеріне бақыт, жайлылық, бейбітшілік, әр отбасыға жақсылық пен табыс тілеймін!» - деді А.Сапаров.
Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған № 2 түзету мектеп-интернатының тәрбиешісі Анастасия Шефер жаңа пәтердің кілтіне қол жеткізді.
«Бүгін біз үшін қос мереке. Тұңғыш Президент күнінде қоныс тойын тойлап отырмыз. Жас жанұяларға пәтерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін бағдарлама үшін Елбасына рахмет айтқым келеді», - деді Анастасия.
Бес қабатты үйдің құрылысына өткен жылдың мамырында бас мердігер «Основание» ЖШС кіріскен болатын.
«Бүгін еліміз үлкен мерекені - Тұңғыш Президент күнін тойлап жатыр. Қоныс иелері мен құрылысшыларда да бүгін ерекше күн. Үйді тапсырдық. Алдағы жылдары жаңадан салынып жатқан шағын аудан қаладағы ең үздіктердің қатарында болатынына сенімдімін», - деді «Основание» ЖШС директоры Сергей Тимофеев.
2015 жылы барлығы 124,5 мың шаршы метр баспананы қолданысқа беру көзделді. Жыл соңына дейін тағы үш көппәтерлі үйді, сонымен қатар "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы аясында 100 орындық екі жатақхананы қолданысқа тапсыру жоспарланды.
Сонымен қатар «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 126 және 72 пәтерлі екі үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ компания 462 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Олар 2016 жылы қолданысқа берілуі мүмкін.