Петропавлда ақпараттық-насихаттау топтарының кездесулері өтті
Топтың құрамына Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-майоры Адександр Кулинич пен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің инвестициялық саясат департаменті директорының орынбасары Арман Әбденов кіріп отыр.
Сапардың алғашқы күні топ мүшелері облыс жұртшылығымен, құқық қорғау органдарының өкілдерімен және «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының басшылығымен кездесті.
Петропавл гарнизоны мен облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамының алдында сөз сөйлеген вице-министр, Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қарай сенімді жылжудың векторын көрсетіп бергенін атап көрсетті. Вице-министр өз сөзінде сондай-ақ, құқық қорғау органдарын қайта құрылымдау, дәлірек айтқанда қылмыстық заңнамаларды ізгілендіру жөніндегі Елбасы алға қойып отырған міндеттерге тоқталды.
Полицейлермен болған кездесуден кейін, генерал-майор А.Кулинич ішкі істер органдарының қаза тапқан қызметкерлерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Республикалық ақпараттық-насихаттау тобы үш күнге созылатын сапардың аясында облыстың екі ауданына ат басын тіреп, кездесулер өткізбек.