Петропавлда «Ана мен бала» аллеясы ашылды
Аталмыш шараға облыс әкімі Серік Біләлов те қатысты. Жиналған қауымның алдында сөз сөйлеген өңір басшысы «бүгін біз отбасы бақыты мен тұрақтылық кепілі болып табылатын әйел затына құрмет көрсету мақсатында „Ана мен бала" аллеясының негізін қалағалы отырмыз. Адамдардың әл-ауқатын жақсарту, оның ішінде әйелдердің мүддесін қорғау - мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселеге ерекше мән берілген. Бүгінгі күні облыста ана мен бала мәселелеріне байланысты көптеген сұрақтар өзінің оң шешімін табуда», - деп атап өтті.
Атап айтсақ, 2010 жылы төртінші және одан да көп баланы дүниеге әкелген әйелдерге біржолғы әлеуметтік көмектің көлемі ұлғайтылды. Баланы күтуге берілетін біржылдық жәрдемақы да өсті. Өткен жылы демографиялық мәселені оң шешетін «Ұрпақ қоры» бағдарламасы енгізілді. Осы күнде 300 отбасы аталмыш жобаның қатысушысы атанды, ал бұл 1000-нан аса балаға депозит ашылды деген сөз. Елбасының тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатқан «Балапан» бағдарламасы аясында қосымша мектепке дейінгі 5 мың орын ашылды. Биыл тағы 2700 орынға көбеймек.
«Ана мен бала» аллеясы облыстық перинаталдық орталықтың маңында орын тепті. Оның ашылу салтанатында 150 көшет отырғызылды. Осы денсаулық сақтау мекемесі де былтыр бір жаңарып қалған еді. «Жол картасы» аясында күрделі жөндеуге 300 миллион теңге бөлінді. Өңір басшысы осы акцияның аясында орталықтың аумағы да құлпыратынына сенімін білдірді.