Петропавлда бірнеше тұрғын арзан тауар аламын деп алаяққа ұрынды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда бірнеше адам арзанға тауар алып, олжаға кенелемін деп алаяқтың арбауына түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл полициясына алаяққа алданған бірнеше тұрғын арызданды. Қала тұрғындары 60 мыңнан 700 мың теңгеге дейінгі түрлі сомаларды бейтаныс адамға сеніп беріп, сан соғып қалған.

Олардың біреуі кездейсоқ адаммен сөйлесе келе, одан құрылыс материалдарын төмен бағамен сатып алып, базар бағасымен саудалау арқылы оңай олжаға кенелуге болатынын естіген. Қала тұрғыны «арзан» құрылыс материалдарын сатып алуға оған екі рет ақша берген. Сондай-ақ, жаңа танысының терезе орнататынын біліп, оның қызметіне алдын ала төлем де жасаған. Енді не тауар, не терезе, не ақшаны көрмеген жәбірленуші алаяққа жем болғанын айтып, полицияға жүгінді.

Тағы бір қала тұрғыны арзан бағамен бензин талонын алмақшы болып, ақшасынан айырылған. Ол да жаңағы алаяққа алданып қалыпты.

Полицияға тағы бір петропавлдық досына арызданып келді. Жолдасым деп жүрген танысы одан жаңа дөңгелектерге ақша сұрап алып, қарызын қайтармаған. Күдіктінің үстінен полицияға 5 арыз келіп түсті.

Аталған фактілер «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәртіп сақшылары бұрын осындай қылмыс жасағаны үшін сотталған 1983 жылы туған күдіктіні ұстады.

«Алдап-арбаудың тәсілдері алуан түрлі, алайда, жәбірленушілердің барлығын біріктіретін бір нәрсе – бейтаныс немесе аз танитын адамға сеніп қалып, оңай жолмен ақшаларын еселегісі келетіндіктері. Әдетте, алаяқ қандай да бір затты базардағыдан төмен бағамен алып беремін деп сендірген. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді Петропавл қалалық ПБ тергеу бөлімі бастығының орынбасары Нұржан Омаров.

Жыл басынан СҚО полицейлері 173 алаятық дерегін ашты.


Соңғы жаңалықтар