Петропавлда екіқабат әйел зергерлік бұйым сататын бутикке қарақшылық шабуыл жасаған

ПЕТРОПАВЛ. 18 сәуір. ҚазАқпарат /Сергей Кузнецов/ - Петропавлда екіқабат әйел зергерлік бұйым сататын бутикке қарақшылық шабуыл жасап, сатушыны пышақпен жарақаттаған,
None
None

деп хабарлайды СҚО Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Полицияға қаладағы базарлардың бірінде орналасқан бутиктің иесі келіп, белгісіз қылмыскер әйел бутик сатушысын мойнынан пышақпен жаралап, жалпы құны 455000 теңгенің зергерлік бұйымдарын алып кеткендігі туралы шағым білдірген. Зардап шеккен 28 жастағы сатушы қыздың айтуынша, күндізгі сағат 13.30 шамасында бутикке жас әйел кіріп, алтын бұйымдар салынған тартпаларды көрсетуін сұраған. Ол тауарларды ұзақ уақыт бойы қарап тұрған. Содан кейін сатушының төмен еңкейгенін пайдаланып, оны мойнынан пышақпен тіліп өткен. Тартпадағы алтын алқаларды алып, тез ізін жасырып үлгерген.

Сатушының сипаттап беруі бойынша жедел топтың қызметкерлері көршілес орналасқан бутиктерден, дүкендер мен қонақүйлерден және такси жүргізушілерінен сұрап шыққан. Соның нәтижесінде қонақүйлердің бірінен іздестіріліп жатқан әйелдің сипатына келетін адам қонақ үйге тұрақтанғаны туралы ақпарат келіп түскен.

Осылайша іздеу салынған әйелдің аты-жөнін анықтаған полиция ол СҚО Қызылжар ауданына қарасты ауылдардың бірінде тұратындығын анықтаған. Тіркелген мекен-жайы бойынша оны табу мүмкін болмаған. Алайда ол облыс орталығындағы жалға алған пәтерінде қолға түседі. Пәтерден ұрланған алтын бұйымдардың бірнешеуі табылған. Қалған бөлігін әйел ломбардқа тапсырып, 22000 теңге алған екен. Қазіргі таңда ұрланған заттар тәркіленді.

Жауап алу барысында ол бутикке қарақшылық жасағанын мойындады. 24 жастағы аяғы ауыр әйел бұл қадамға қаржылық жағдайы қиындаған соң барғанын айтқан.

Қазіргі таңда күдікті азаматша қаладан шықпау туралы қолхат жазып берген, осы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Зардап шеккен сатушыға медициналық көмек көрсетілген.

Соңғы жаңалықтар