Петропавлда қатты көктайғақ болмаса да тұрғындар әр екінші жарақатты көшеде алған

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Петропавлда тек өткен аптада қалалық жарақат бөліміне 300-ден астам адам медициналық көмекке жүгінген.

хоспис
Фото: Александр Павский/Kazinform

Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың мәліметінше, қараша айында жарақат бөліміне 1636 адам келген. Олардың шамамен әр екіншісі — көше жарақатымен қаралған. Сондай-ақ 700-і — тұрмыстық жағдайда алған жарақатпен жүгінсе, дәрігерге қаралғандардың 42-сін жануарлар тістеген, жол-көлік апатынан кейін 32 адам және үш адам өндірістік жарақатпен келген.

— Көбіне буындары созылады. Осындай диагноз 300-ден астам адамға қойылды. Аяғын сындырған 165 адам, қолын сындарған 168 адам қаралды. 600-ден астам адам қатты соғып, денесін ауыртқан. Қараша айында 127 адамды, ал өткен аптада 31 сырқатты ауруханаға жатқыздық, — дейді дәрігерлер.

Қыстың алғашқы айы туғанымен, өңірде әлі күнге жылы температура сақталған.

«Қазгидромет» кәсіпорны облыстық филиалының мәліметінше, осы айда ауа райының орташа температурасы -10,4-12,3°С аралығында болады. Бұл қалыптасқан нормадан 1-2° жоғары. 

— Бірінші онкүндікте ауа температурасы біртіндеп түнде 0, -2°С-тен -12, -17°С-қа дейін, күндіз -3, +2°С-тен -6, -11°С-қа дейін төмендейді. Екінші онкүндікте ауа температурасы көтеріліп, түнде -8, -13°С-қа дейін, күндіз -3, +2°С-қа дейін жетеді деп болжанған. Одан кейін ауа температурасы түнде -8, -20°С аралығында, күндіз -3, +2°С тан -5, -10°С аралығында ауытқиды. Үшінші онкүндікте де ауа температурасы құбылмалы болып, түнде -18°С дейін жетсе, күндіз кей күндері сынап бағанасы +2°С дейін жоғарылайды, — дейді синоптиктер.

Ал, айдағы жауын-шашын мөлшері нормаға жақын болып, бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндікте жиі, үшінші онкүндіктің басында және соңында жаууы мүмкін.

— Боран бірінші онкүндіктің ортасында, екінші онкүндікте жиі, үшінші онкүндіктің ортасында болады деп болжап отырмыз. Тұман бірінші онкүндіктің басында, екінші онкүндіктің ортасында, үшінші онкүндіктің басы мен соңында болуы ықтимал. Көктайғақ бірінші онкүндіктің ортасында және үшінші онкүндіктің соңында болуы мүмкін, — дейді мамандар.

Бұған дейін Түркістан облысында өрттен 18 адам қайтыс болып, 13 адам жарақаттанғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар