Петропавлда мыңнан астам көпқабатты үйдің тек 9-ы қысқа әзірлік құжатын алды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда 1090 көпқабатты тұрғын үй болса, соның тек 183-і ғана қысқа дайындықты бастап, 9-ы әзірлік құжатын алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығын жылумен қамтып отырған «Петропавл жылу желілері» ЖШС биылға жоспарлаған жөндеу жұмыстарының жартысына жуығын, яғни 41,9 % аяқтады. Мамандардың күзге дейін 14 шақырымға жуық жылу желісін жаңартуы қажет.

Бұдан басқа жоспарланған 4 шақырым құбырдың жартысына жуығының жылу жібермейтін қаптамасы қалпына келтіріліп, 25 сорғы стансасындағы қондырғылар жөнделді.

Құбырлардың жөнделуіне байланысты қазіргі уақытта Петропавлда 3 жеке баспана және көпқабатты 8 тұрғын үй ыстық судан ажыратылған.

«Кәсіпорынның қондырғылары - 70,35 %, магистральды желілері - 76,37 %, тарату желілері - 60,04 % ескірген. Қазіргідей қалыпта ұстау үшін де жылда барлық құбыр желісінің шамамен 4 % - 18,4 км ауыстырып отыру қажет. Бірақ қазіргі тарифпен біз бұл ең төменгі деңгейді де жөндей алмай отырмыз. Ал тозу және жылу энергиясын жоғалту деңгейін азайту үшін жыл сайын барлық құбырлардың 5 %, яғни 23 км құбырды жаңалап отыру керек», - дейді кәсіпорынның бас директоры Андрей Калиничев.

«Петропавл жылу желілері» ЖШС мамандарының айтуынша, қысқы жылыту маусымынан сәтті өтудің бір жолы – баспананы жылыту маусымына сапалы дайындау. Петропавлда 1090 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 183-і жылыту жүйесіне гидравликалық сынама жүргізіп, жуған. Әзірше тек көп қабатты баспаналардың тек тоғызы ғана қысқы жылыту маусымына әзірлік құжатын алды.


Соңғы жаңалықтар