Петропавлда он автобус бағдарында әлеуметтік қорғаудағы азаматтар үшін тегін жол жүру қарастырылып отыр

Қала әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, конкурс бойынша жолаушыларын тасымалдау бағдарларында қызмет көрсету құқығына ие болған автокәсіпорындармен жасалған келісімшартқа, өзгелермен қоса, халықтың әлеуметтік қорғаудағы санатына кіретін жолаушылар үшін жеңілдіктер қарастырылған бап енгізілген.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасына белсенді атсалысу туралы Елбасы үндеуіне үн қатқан жолаушылар тасымалдаумен айналысатын бірқатар кәсіпорындардың басшылары өз мойындарына азаматтардың белгілі санаттарын тегін немесе жеңілдікпен тасымалдау туралы міндеттеме алып отыр.
Атап айтқанда, «Петропавл. NORD» ЖШС Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, интернационалист-жауынгерлерге, Чернобыль апатының салдарын жоюға атсалысқандарға және оларға теңестірілген мүгедектерге төрт автобус бағдарында тегін қызмет көрсету туралы шешім қабылдады. Кәсіпорын сондай-ақ, спорттық және мәдени мақсаттағы балалар мекемелері үшін де жеңілдікті тарифтер ұсынып отыр.