18:03, 23 Мамыр 2016 | GMT +5
Петропавлда жаяу жүргіншілердің өтпе жолында жеңіл көлік 9 жасар қызды қағып кетті
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавлда өткен демалыс күндері жаяу жүргіншілердің өтпе жолында жеңіл көлік жүргізушісі 9 жасар қызды қағып кетті. Абырой болғанда ешкім жапа шекпеді. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«Оқыс оқиға Сәтпаев көшесінде орын алды. Көлік қызды жаяу жүргіншілердің өтпе жолында қағып кетті. Жол-көлік оқиғасынан кейін жүргізуші аталған факт жайлы полицейлерге және дәрігерлерге өзі хабарлаған. 9 жасар қыз облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді. Жол-көлік оқиғасы кезінде 23 жастағы жүргізушінің спирттік ішімдікті пайдаланбағаны анықталды», - делінген хабарламада.
Аталған факт бойынша ҚР ӘҚК 600-бабы 1-бөлімі бойынша материал жиналды. Мұнда жаза ретінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.
ІІД ақпаратынша, ағымдағы жылдың 4 айында кәмелетке толмағандардың қатысуымен 4 жол-көлік оқиғасы тіркелген.