Петропавлдың полиция қызметкерлері көлікті айдап кетіп, кейін оны жағып жіберген 3 күдіктіні ұстады

ПЕТРОПАВЛ. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Петропавл қаласы ІІБ полициясы 1-ші бөлімшесінің қызметкерлері облыс орталығында көлікті айдап кетіп, кейін оны жағып жіберген 3 күдіктіні ұстады, деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
None
None

Полицияға келіп түскен ақпаратқа қарағанда, Жамбыл өтпе жолы бойындағы аулалардың бірінде көлік жарылған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер барғанына қарамастан, көлік түгел дерлік жанып кетті.

Криминалды полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру шарасының барысында көлік отқа оранған күні оның ауласында 3 жас жігіттің болғаны анықталды. Олар көп ұзамай ұсталды.

Сұрау кезінде анықталғандай, сол түнде 3 жас жігіт көшеде спирттік ішімдік ішкен. Масайған «достардың» бірі аулада тұрған «ВАЗ-21063» көлігін айдап кетіп, «серуендеп» қайтуға ұсыныс жасаған.

Жігіттер көліктің терезесін сындырып, ішіне кіргенімен көлікті оталдыра алмаған. Көліктің ішінде із қалмас үшін олар көлікті жағып жіберуге бел буған. Сөйтіп, алдымен матаны жағып, бензин құятын жеріне салып, қашып кеткен.

Қазіргі уақытта 3 жігіттен ешқайда кетпеу жайлы қолхат алынды. Олардың ең үлкені 23-те болса, кішісі 20-да. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде.

Соңғы жаңалықтар