16:17, 25 Мамыр 2009 | GMT +5
Поэтикалық шығармашылықты қолдау қоры Директорлар кеңесінің төрағасы ҚазҰУ-де дәріс оқыды
АЛМАТЫ. Мамырдың 25-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыдағы Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университеті оқытушылар қауымының алдында Поэтикалық шығармашылықты қолдау қоры Директорлар кеңесінің төрағасы, араб ақыны, куәйттік ірі бизнесмен Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин дәріс оқыды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Университет проректоры Гүлнас Ахметованың айтуынша, құрметті мейман білім беру саласын қолдау жөніндегі Куәйт ұлттық комитетінің Марокко Королдігіндегі Фах Сайд мәдени қауымдастығының мүшесі. Оның Марокко, Ливан, Алжир, Ирак, Пәкістан, Әзірбайжан мен Грузияда мектептері бар. Әл-Бабтин мырза Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Алжир, Иордания, Марокко, Судан университеттерінің құрметті докторы. Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін Куәйт президентінің бірінші дәрежелі орденімен, Иордания Королінің орденімен марапатталған және Мәдениет, өнер, әдебиет жөніндегі Куәйт ұлттық кеңесінің мемлекеттік сыйлығының иегері атанған. «Әбд әл-Әзиз Сауд әл-Бабтин қоры араб әлемінің мәдени өмірінде үлкен рөл атқарады. Бұл қордың мақсаты - араб ұлты мен Азиядағы бұрынғы кеңестік елдердегі мәдени байланысты жандандыру. Қор 1989 жылдан бері ақындарға арнайы сыйлық тағайындап, оны осы кезге дейін 10 рет берген. Куәйтте, Пәкістанда, Иракта әдеби конференциялар ұйымдастырып, поэзия, сын, аударма салалары бойынша 130 еңбек жариялап, араб елдерінің кітапханаларына, мамандарға, студенттерге тарту ретінде ұсынған. Сондай-ақ студенттердің оқуын қаржыландыруда Орталық Азия елдерінің - 100, Африканың - 15, Ирактың 100 студентінің Каирдегі әл Асхар университетінде білім алуына көмек көрсетіп, олардың магистратура мен докторантурада оқуын қаржыландырып отыр. Қордың көмегімен оқып жатқан студенттер саны қазіргі таңда 2500-ге жетті», - дейді Гүлнас Ахметова. Мамырдың 24-інен бастап Алматыда сапарда жүрген Әбдәл-Әзиз Сауд әл-Бабтин мырзаның қолдауымен шығыстану факультетінің арабтану кафедрасында семинарлар өтіп, қатысушыларға сертификат тапсырылды. Сондай-ақ ол университет кітапханасына араб елдерінің тарихы, әдебиеті және мәдениетіне қатысты кітаптарды сыйға тартты. Мамырдың 26-сына дейін созылатын бұл сапар кезінде құрметті мейман Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти, шейх Әбсатар қажы Дербісәлімен және Қазақстан жазушыларымен кездеседі деп жоспарланып отыр.