Польшаның Силезия воеводствосы Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі
Бұл туралы СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлады.
Кездесу аясында қазақстандық дипломат сұхбаттасын «Қазақстан - 2050» даму стратегиясының және дайындық барысында поляк тәжірибесі қолданылған жергілікті өзін-өзі басқару реформасының негізгі қағидаларымен, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы мен қазақстандық өндірістің келешегі мол салаларына инвестиция жасауға поляк кәсіпкерлері үшін қалыптасқан тиімді жағдай туралы хабардар етті.
М.Секула Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен қол жеткізілген табыстарға жоғары баға берді. «Қазақстан дамуының жоғары қарқынына үлкен қызығушылықпен қараймыз және сіздің аймақтарыңызбен тікелей байланыстар орнатуға мүдделіміз» - деді М. Секула.
Осы орайда Қазақстан мен Польша арасында Бірінші Аймақтар форумын ұйымдастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Силезия воеводствосы Польшаның халқы тығыз шоғырланған, индустриясы жоғары дамыған аймағы болып табылады. Ұзақ уақыт бойы өңір экономикасының негізін көмір өндірісі құрағанымен, соңғы жылдары жоғары технологиялық кәсіпорындардың үлесі жылдам артуда. Қазақстанмен ынтымақтастық жасауда келешегі мол салалар ретінде М. Секула тау-кен машиналарын жасау, көмір кенін игеру жұмыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау, ғылым мен білім беру, көлік тасымалы мен логистиканы (силезиялық Славкув қаласында Польшаны ТМД елдерімен байланыстыратын кең рельсті темір жолдың соңы орналасқан) атады.
Әңгіме соңында маршалек воеводствоның бизнес-делегациясымен бірге Қазақстанға сапарлауға шақыру алды. Осы орайда М. Секула өзінің Польшаның Жоғары бақылау палатасының төрағасы ретінде Қазақстанға 2007 жылы сапарын жылы сезіммен еске алатынын айтып, өз кезегінде қазақстандық өкілдер Катовицеде қыркүйекте өтетін Кіші және орта бизнестің еуропалық конгресіне қатысатынына үміт артатынын жеткізді.